Өнер мектебінің бишілері концерт берді

Өнер мектебінің бишілері концерт берді

Жанкелдин ауданы Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің би бөлімі жылды қорытындылап «Bile-Bile» атты  есеп  беру концертін берді. Мың бұралған биші  қыздарымыздың  өнерін  тамашалауға  келген  өнер сүйер қауым көрермендер залына лық толды.

Бүгінгі таңда би бөлімінде 99 шәкірт тәрбиеленуде. Оқушылардың  сахнадағы  мәдениеті,  өзін  ұстауы,  бидің  әр  қырын  бойларына  дарытып  тәлім  беріп  келе  жатқан ұлағатты  ұстаз  Жанат  Әлімбаева мен шәкірті, жас ұстаз Сымбат Ерікованың  еңбегі  зор.

“Тынымсыз ізденіс пен түбегейлі  нәтиженің  арқасында  би бөлімінің  оқушылары  талай  белестерді бағындырып,   облыстың би  ансамбілдерінің  үштігіне кірді. 2008 жылы Жанат Абдысалыққызының ықпалымен  «Еркеназ» би  ансамблі  құрылды.  Сол  жылдардан  бері  аталмыш  ансамбл қосымша  білім  беру  ұйымдар арасындағы рейтинг  дәрежесін  көрсететін хореография  ұжымдары  арасында  облыстық  «Армандастар» байқауына қатысып, бес  рет  «Бас жүлде» иегері болды. Аудандық  іс-шараларда  белсенді  ат салысып,  аудан атын облыс, республика  көлемінде  танытып келеді. Бұл аудан  үшін  үлкен  жетістік. Бүгінде Б.Хамзин  атындағы   өнер  мектебінде 258 оқушы әр бөлім бойынша дәріс алуда. Балалардың бойындағы дарынын шыңдап,  тәрбиелеп  үлкен  додаларға  қосып жүрген мектеп мұғалімдері аудан мақтаныштары”, – дейді өнер мектебінің директоры Жанар Асанханқызы.

Аудан әкімінің  орынбасары Еренбол Алматов, ата-аналар атынан Тойбанбол Нұрхан құттықтау  сөз  сөйлеп, би бөлімінің  ұстаздарына ризашылық білдірді. Жұмыстарына  толағай табыстар  тіледі. Мектеп директоры Жанар Шалабай  аудандағы  би өнерінің  негізін  қалаған Жанат Әлімбаеваның еңбегіне  тоқталып, алғыс хат табыстады. Әдемі  сахналық кимдерді тігіп жүрген тігінші Сымбат Райсоваға алғыс хатпен марапаттады. Балаларға  демеуші  болып, үнемі  мектепті қолдап жүретін ата-аналарға да ерекше ризашылығын айтты.

Кеш  соңында  естелік  суретке  түсіп жақсы көңіл  күймен  тарқасты.

«Әр уақытта өнер мектебінің концерті жоғары деңгейде өтеді. Ұйымдастырушылық қасиеттері өте жақсы. Жаңашылдықты ұнатады. Ондағы ұстаздардың барлығы жоғары білімді. Меніңде немерем осы өнер мектебінің би бөлімінде тәрбиеленіп жатыр. Өз немеремнің ғана емес барлық өнерлі балалардың өнерлерін тамашалауға келдім. Мен келсем, мәдениет үйінің көрермендер залы адамға толып тұр. Аяқ алып жүретін жер жоқ. Бұл жергілікті тұрғындардың өнерді бағалағаны деп білмен. Бүгінгі кештен керемет әсер алып, рухани демалып қалдым. Өнер мектебінің ұстаздарына алғысым көп. Ылғи ата – аналармен тығыз байланысты жұмыс істейді. Өнер ұжымына толағай табыс пен шығармашылықтілеймін», – дейді Рыскүл Кәрімова.

Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу