Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінде ауылдық клуб әдіскерлері дайындаған «Ауыл мәдениеті – өнерімен көрікті» атты концерттік бағдарлама тыңдарманын ұйытты.
Тұңғыш рет ауылдық клуб әдіскерлерінің өз қолтаңбасымен дайындалған бірегей жобаның авторы, мәдениет жанашыры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Лиза Мизамбаева.

Ауыл мәдениеті – халықтың жаны, елдің рухы, ұлттың айнасы. Сол рухты сақтап, өрге сүйреп жүрген – ауылдың қарапайым, бірақ ерекше еңбекті қажет ететін мәдениет қызметкерлері.
«Биылғы «Үздік клуб» байқауы – ауыл мәдениетінің жаңа серпінін көрсеткен ерекше іс-шара болды. Бұл байқау – ауыл мәдениетін дамытуға қосқан үлесті бағалау, тәжірибе мен өнерді насихаттау алаңы. Әр клуб өз ауылындағы шығармашылық әлеуетін, өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті. Міне, бүгінгі кеш – ауылдық мәдениет саласында аянбай еңбек етіп жүрген клуб әдіскерлерінің өз өнерін, өз еңбегін көрерменге ұсынатын ерекше сәт», – дейді жоба авторы Лиза Таутанқызы.
Ауылдық клубтар арасында өткізілген «Үздік клуб» байқауының қорытынды сәтінде аудан әкімі Қанат Кеделбаев марапаттарды өз қолымен табыстады.

Нәтижесінде: «Өнерлі ауыл» номинациясын Үштоғай ауылдық округі клубы әдіскері Ботагөз Тұрғанова, «Үздік клуб әдіскері» номинациясын Ақсай ауылдық округі клубы әдіскері Жадырагүл Әлпейсова, «Үздік авторлық жоба» номинациясын Қарасу ауылдық мәдениет үйі әдіскері Айгүл Мырзабаева иеленді.

Ал, ауылдық клубтар арасында өткен аудандық «Үздік клуб» байқауының жеңімпазы болып, белгілі айтыскер ақын, Есір ауылдық клубы әдіскері Балтасар Ізтілеуов танылды.
Марапат иелеріне және жоба авторына құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табыс етілді.Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Амангелді ауданы
