Сайыс аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, тілдерді оқыту орталығының ұйымдастырумен мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері арасында ұйымдастырылды.

Халқымыздың ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын дәріптеп, олардың рухани мұралары арқылы мемлекеттік тілді және ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтқан сайысқа аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Жастар ресурстық орталығының директоры Бекболат Сақтапбергенұлы, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Нәбира Сақұлова және «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы «Руханият» үйірмесінің жетекшісі Орынбасар Мырзахановалар әділқазылық жасады.

«Өзін таныстыру», «Бәйге» (Жылдам сұрақ), «Шығармашылық әлем», «Ойлан,тап!», «Өлеңнен суретке» атты 5 кезеңді қамтыған сайыста қатысушылар 3 топқа бөлініп (Әр топта 3 адамнан) бақтарын сынады.
«Ұлттың ұлы тұлғаларының артына қалдырған мол мұрасы ешқашан ел жадынан өшпейді. Ол елдің ертеңі үшін темірқазық, мәңгілік қастерлі қазына болып қала бермек. Бүгінгі сайысымызға келер болсақ, қатысушылар өздерінің озық білімдері мен тапқырлықтарын танытып, ұлт руханиятының биік үлгісін көрсетті. Барлық қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Амангелді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Тілдерді оқыту орталығының директорының міндетін атқарушы Жансәуле Жанәбілқызы.

Нәтижесінде әділқазылар алқасының ортақ шешімімен бірінші орынды «Оян, қазақ!» (Аслан Мүбәракұлы, Абай Бақытжанұлы, Әйгерім Көбекқызы) тобы, екінші орынды «Руханият» (Бақтияр Қанатұлы, Аягөз Қайратқызы, Бекзат Алмасұлы) тобы, үшінші орынды «Хакім Абай» (Азамат Ерланұлы, Санжар Сагынғалиұлы, Ербол Мағауияұлы) тобы иеленді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Амангелді ауданы
