Биылғы жартыжылдық өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде оң өзгерістермен төбе көрсетті.
Жаңа кәсіпорындар іске қосылып, ауыл шаруашылығының әлеуеті артып, интернет инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Ал мәдениет пен спорттағы жетістіктер ауыл жастарының жаңа белестерді бағындыруға қабілетті екенін тағы бір мәрте айшықтады.
Жыл басынан бері ауданда тұрғын үйді пайдалануға беру есепті кезеңде макроэкономикалық көрсеткіш бойынша 143,8 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі де арта түсті. Орташа айлық жалақы 287 мың теңгеден асып, аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспардан жоғары орындалды. Бұл өңір экономикасының тұрақтылығын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
— Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар да нақты нәтижесін беріп келеді. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерген тұрғындардың бір бөлігі мемлекеттік грант иегері атанып, шиномонтаж, полиграфия, сұлулық салоны, аяқ киім тігу және ауыз су сату бағытындағы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Жеке инвестициялар да ауданның дамуына серпін беруде. Амангелді ауылында кәсіпкердің өз қаражатына құны 350 миллион теңгені құрайтын заманауи тойхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаңа сұлулық салоны ашылып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындары құрылды, — дейді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Биыл ірі қара мен жылқы саны айтарлықтай өсіп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Соның ішінде 1,1 миллиард теңгелік инвестициялық жоба аясында мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелу жоспарланып отыр. Ал Амантоғай ауылдық округінде құны 2,2 миллиард теңге болатын 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы басталмақ. Жоба толық іске қосылғанда ондаған жаңа жұмыс орны ашылады.
— Осы ретте инфрақұрылым саласында да игі бастамалар жалғасып жатқанын айта кеткен жөн. Амангелді ауылында жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жұмыстары басталып, алғашқы абоненттер жаңа жүйеге қосылды. Ал ауданның барлық 27 елді мекені ұялы байланыспен толық қамтылған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан аумағында кең көлемді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз қоқыс орындары жойылып, балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Биыл 1 500 түп ағаш отырғызу жоспарланса, көшелердегі жарықтандыру жүйесі толық жаңартылды. Үрпек ауылында мектеп түлектерінің демеушілігімен жаңа ойын алаңы бой көтеруі ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығының жарқын үлгісіне айналды, — деді аудан әкімі.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Жұмыссыздық деңгейі бір жыл ішінде екі еседен астам төмендеп, жұмыс іздеген азаматтардың басым бөлігі тұрақты еңбекпен қамтылды. Жазғы кезеңде «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы ондаған жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Мәдениет пен спорт саласында ауданның мерейі үстем болды. Облыстық және республикалық байқауларда аудан оқушылары мен кітапхана қызметкерлері бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Ал спортшылар қазақ күресі, дзюдо, бокс және аударыспақтан облыстық және республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінді.
— Алдағы уақытта да аудан үшін маңызды жобалар жалғасады. Олардың қатарында стадионды жаңғырту, балалар шығармашылығы үйін ашу, көкөніс сақтау қоймасының құрылысы, туристік кешенді дамыту және жаңа әлеуметтік нысандар салу бар. Бұл бастамалардың барлығы Амангелді ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, — дейді Қанат Уәшұлы.
Ақбаян Теміржанова
Амангелді ауданы
