«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалында әйелдер мәселелеріне арналған тақырыптық қабылдау ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында жұмыспен қамту, бала тәрбиесімен қатар еңбек ету, декреттік демалыста онлайн жұмыс жасау сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Қабылдауға қалалық мәслихат депутаты Гүлвира Құдайқұлова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен білім беру саласының өкілдері, сондай-ақ заңгер кеңесші қатысты.
«Әйелдерге арналған мұндай қабылдаулар нақты мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Әрбір азаматтың үнін тыңдап, қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау мәселелері бойынша тиісті органдармен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз», – деді қалалық мәслихат депутаты Гүлвира Құдайқұлова.
Жиында бірнеше тұрғын өздерін қызықтырған мәселелерді көтерді. Соның ішінде бір азаматша мұрынға жасалуы тиіс отаға квота бөлуді сұрады.
Қаржылық қиындықтарға байланысты көмекке мұқтаж тұрғынға қажетті ақпарат беріліп, мәселе бақылауға алынды.
Ол облыстық аурухананың қабылдау бөліміне талдау нәтижелерімен келіп, жүйелі ем алу жоспары дайындалады.
Тағы бір азаматша тұрғын үй мәселесі бойынша көмек сұрады. Зейнеткер ретінде кезекте тұрғанымен, көп балалы ана ретінде тіркелмеуі тұрғын үй кезегінде кейбір қиындықтар тудырғаны айтылды. Бұл мәселеге де толық түсіндірме беріліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан дұрыс кезекке тұру тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Сабина КЕНЕСБАЕВА
ҚӨУ студенті