Алтынсариндіктер Наурызды ерекше қарсы алды

Алтынсариндіктер Наурызды ерекше қарсы алды

Қыр басына ат жарысты тамашалауға келген ағайынның қарасы қалың көрінді. Обаған алабындағы ат шаптырым алаңға Алтынсарин ауданының тоғыз ауылынан шашасына шаң жұқтырмаған қасқа жүйріктер жиналыпты.

Бес айналым тоқ бәйге соңғы сәтке дейін шын тұлпарды анықтай алмады.

Аламандағылардың қарасы екі топқа бөлініп, шабысын өзгертпестен көмбеге дейін келгендей көрінген. Шабандоз Елшат Ерланұлы тізгіндеген Қоянқасқа соңғы айналымда дара шапты.

Аттың иесі Руслан Қабжәлел екі тәулікте тері зорға алынғанын айтып отыр. “Бәрекелді!” десті шабармандарды қолпаштаған жиылған қауым.

Оның артынан ілесіп, Әли шабандоз мінген Гүлсары мен Әлмұқан Сыздықовтың Шағырқасқасы келді.

“Бұл жылқыны Торғайдан алып келіп, бәйгеге былтыр қостым. Биыл да таза қанды асыл тұқымды жүйріктерді артқа тастап үшінші келгеніне шүкіршілік етемін. Келешегі бар, түбі осы атым бәйге алады”, – дейді Әлмұқан Сыздықов.

Тай жарыста төрт ат екі айналым бойы ала алмай келді. Дегенмен, Әділ Ахметовтің Желқарасын тізгіндеген Әлішер көмбеге жақындағанда аттың басын қоя берді. Жұмбақтас пен Қаратал бәйгеге одан кейін қатар жетті. Кезек құнан бәйгеге келді. Ертуған Мұқаштың астындағы Боранқасқа үш айналым бойы өзгерлерден оза шапты.

Қыр басындағы бәйгеден кейін Наурыз мерекесі орталық алаңда жалғасты.

Алтынсарин ауданындағы Наурыз мерекесіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали тұрғындарды ұлыстың ұлыс күнімен құттықтады.

“Биыл “Наурызнама” бағдарламасы қабылданып, ерекше тойланып жатыр. Бүгін – “Ынтымақ күні”. Бірлік пен берекеге бастайтын күн. Бұл біздің ел үшін жарасымды сөз. Бір-бірімізбен жылы қарым-қатынаста болсақ, бәрі жақсы болады деген түсінік бізде әу баста қалыптасты. Алтынсарин ауданы қасиетті мекен. Ыбырай Алтынсариннен бастап, Ілияс Омаров, Мәриям Хакімжанова сынды тұлғалар туып-өскен. “Сосновый бор” шипажайымен де републикаға танымал мекен. Қазір әр қала-ауданда екі жүзге жуық киіз үйлер құрылып, қаншама спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл біздің бірлігіміздің тағы айғағы”, – деп атап өтті Ринат Мұхаметқали.

Ынтымағымыздың осы бір көрінісі бірден байқалып тұрды. Көшенің арғы бетінен, бергі бетіне дейін жайылған кең дастарқаннан жиылған қауым қалағанынша тегін дәм татты.

Ұйымдастырушылардың бұл ілтипатына ауыл ақсақалдары да дән риза.

“Биыл Алтынсарин ауданының наурыз мерекесі жақсы өтіп жатыр. Осындай ел арасында бірлік сақталып, тыныштық болса, үлкендердің де батасы дайын”, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жандарбек Ералин.

Бұл іс-шараға мұрындық болып жатқан “Ақбота – 2021” қоғамдық бірлестігі екенін айта кетейік.

“Биыл Наурыз мерекесін ерекше тойлау жүзеге асырылатынын естіп біз де атсалысуды ұйғардық. Осылайша, Наурыз мерекесін өткізіп жатырмыз. Көптеген әртістерді шақырдық. Олардың арасынан “Той мафия” шоу балетін атап өтуге болады. Орталықта арнайы палау дайындап, тегін таратып жатырмыз. Халық үшін үш үстелге шығыстың тәтті өнімдерін қойып жатырмыз. Бес табақ ет астық. Әр номинацияға ақшалай сыйлық әзірлеп отырмыз. Мәселен “Ең үздік наурыз көже”, “Самаурын қайнасын” номинациясы 30000 теңгеден. Әйелдер күресінің жүлдегерлеріне 50, мың, 30 мың, 20 мың теңгеден беретін боламыз”, – дейді қоғамдық бірлестік мүшесі Руслана Қапарова.

“Жақсы сөз жарым ырыс, батамен ел көгереді” дейді дана халқымыз. Ауыл ақсақалы Нағашыбай Алпысов елге ақ батасын берді.

“Мұрагер” халық аспаптар оркестрі бастаған аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымы тамылжыта ән айтып, құйқылжыта күйге бөледі.

Мың бұрала би биледі.

Орталық алаңда мәдени іс-шаралармен қатар, спорттық іс-шаралар қатар ұйымдастырылды.

Ортада қарулы топ арқан тартысып жатыр.

Әне, Маяковский ауылының жігіттерімен обағандықтар финалға шықты.

Екі айналым ұпай алмасқанымен Обаған ауылының мұғалімдерінен құралған Ерлан Мамаев бастаған ұжым дегендеріне жетті.

Сол жерде қол күресі де басталды. Свердлов ауылының тұрғыны Сергей Кивилев пен қостанайлық Нұрислам Көшкенов қатардан озып, финалда теке тіресті.

Жеңімпаз Сергей кезінде әртүрлі спорттың басын бір шалған. Бүгінде “Олжа агро” ЖШС-де механизатор.

“Он төрт жасымнан армрестлингпен айналыстым. Екінші жыл қатарынан бірінші орын алып отырмын. Облыста да финалда өнер көрсеткенім бар”, – дейді ол.

Қазақша күрес сайысы екі салмақ бойынша абсолютті түрде өтті. Бұл ұлттық ойындарды аудан әкімі Арнұр Сартовтың арнайы шақыруымен келген Наурыз тойының құрметті қонақтары да тамашалады.

Бейбарыс Киікбаев 70 келіге дейінгі салмақта 3-орын алды. Елдос Байдәулет 2-орынды қанағат тұтты.

Шалқар Қабжәлел бұл салмақта жеңімпаз болды. Мұрагер Сейілханов 80 келіден жоғары салмақта жүлдегер атанса, Ораз Жұмаділов Еркебұлан Қапиятовқа финалда жол берді.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Алтынсарин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу