Алтынсарин ауданында ауыл еңбеккерлері құрметке бөленді

Алтынсарин ауданында ауыл еңбеккерлері құрметке бөленді

Сусап жатқан сары далаға диқан қауым нәр беріп, жан бітіргелі жарты ғасырдан асты. Ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талып жететін Алтынсарин өңірінің кең дала төсі де бүгінде жайқалған егінге толы.

Бұның барлығы еңбекқор жандардың төккен тері мен жемісті жеңісінің арқасы десек қателеспейміз. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып келе жатқан осы бір қауымның еңбегі тағы бір мәрте еленді. Аудан әкімі Арнұр Сартов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыс етті.

«Алтынсарин ауданы – Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде алдыңғы қатарлы өңірлерінің бірі. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы – аудан экономикасының өміршең салалары, ал сіздердің еңбектеріңіз – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатының берік тірегі. Аграрлық сектор еліміздің экономикасының негізгі саласы. Сіздің жанқиярлық еңбегіңіздің арқасында азық-түлік нарығының тұрақтылығы, ауылдық аумақтардың дамуы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты қамтамасыз етіледі», – деді аудан әкімі.

Биыл Алтынсарин ауданында көктемгі егістің жалпы көлемі 210,766 мың гектарды құрады. Егін жинау науқанының қорытындысы бойынша аудан аграршылары гектарына 18,0 центнер орташа өнімділікпен 258,2 мың тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жинады.

blankblank

Бұл кешенді агротехникалық іс-шараларды уақытылы жүргізіп, минералды тыңайтқыштарды тиімді енгізудің нәтижесі. Оған қолайлы ауа-райының да пайдасы мол болды.

«Ең бастысы, бұл сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен адал еңбегіңіздің нәтижесі. 2025 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл шешім күн сайын ел экономикасын нығайтуға үлес қосатын адамдардың қарапайым, бірақ шын мәнінде жасампаз еңбегінің құндылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Ауыл шаруашылығы мамандары-фермерлер, механизаторлар, агрономдар, мал өсірушілер – күнделікті еңбектерімен еліміздің дамуын қамтамасыз етеді, оның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады және қоғамның жалпы әл-ауқатына орасан зор, баға жетпес үлес қосады. Сондықтан сіздің мәртебеңізді көтеру және еңбегіңізді бағалау – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деп атап өтті Арнұр Сартов.

Ел экономикасының дамуы, халықтың тұрмыс сапасы – бәрі де еңбеккерлердің маңдай терлерінің арқасы екенін Мемлекет басшысы да жиі айтып келеді.

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», деп айтқан Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың сөзі осындай азаматтарға арналған.

 

Мемлекет басшысы айтқандай, адал, қажырлы еңбекпен жетістікке жеткен адамдар әрқашан абырой мен құрметке ие. Бұл жиынға осы ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер де шақырылды. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысын өрге сүйреп жүрген Батырбек Ахметов бұл ауданды аттай алты жыл басқарған азамат.

Жыл сайынғы жетістіктеріміз – шаруа қауымның кәсібилігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі деген пікірде.

Алтынсарин жері – табиғаттың сұлулығымен ғана танымал емес, оның басты байлығын қарапайым, қажымас еңбекқор тұлғалар құрайтынын айтады.

blank

«Ауыл тұрғындарының маңдай терімен тапқан еңбегінің жемісін елімізде барша халық тұтынады. Бірақ осы байлықтың қандай еңбекпен табылатыны елене бермейді. Еліміздің өркендеп өсуі мен игілігі үшін ауылшаруашылығының орны бөлек. Игілікті жұмысты жандарына серік еткен қауымның жанкешті еңбектерін қалай мақтасақ та жарасады», – дейді ол.

Мәселен, Маяковский ауылының тумасы Молдабек Достияровтың есіл еңбегі атап өтуге тұрарлық. Әскерден келе сала ауыл тірлігіне бірден араласып кетті. Ауылдың озат механизаторларының ізін жалғады.

blank

«Ел тәуелсіздігін алып, бар шаруа жекенің қолына өтті. Біз де қарап отырмай, ағайындармен жаңа іс бастауды ұйғардық. Жер алып, өзімнің жеке қожалығымды ашуға кірістім. Кейін екінші қожалықты іске қостық», – дейді Молдабек Әшімбекұлы.

Қазіргі таңда ол басқаратын «Сапа» шаруа қожалығы он екі адамға жұмыс беріп отыр. Өрісінде жүз басқа жуық қара малы жайылып жүр. Шөп шабу, егіншілікті де кәсіп еткен ұжымның ісі биыл алға басты. Ауа райының қолайлы болып, ықпалды агротехникалық шаралардың арқасында гектарына 13-15 центнерден өнім алынды. Шаруашылық басшысының іскерлігін бағалаған аудан әкімі өзінің құрмет грамотасын табыс етті.

blank blank blank blank blank blank blank

«2025 жылды біздің Президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Дәл осы жыл біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеяларын ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгін осы залда ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсбінің марғасқалары жиналып отыр. Біз сіздерге, ауыл еңбеккерлеріне, мол өнім алғаныңыз үшін алғыс айтамыз!»– деген тілеген жеткізген аудан басшысы осы секілді жеті бірдей еңбек адамының мерейін үстем етті.

«Снигирев Ю.А» шаруа қожалығының жетекшісі Юрий Снигиревті, «Айдала» серіктестігінің бригадирі Алексей Долженконы, «Саян» шаруа қожалығының механизаторы Александр Штенглерді, «Балталы Ltd» серіктестігінің атқарушы директоры Руслан Тұрғановты облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапаттады. «Олжа Беляевка» серіктестігінің атқарушы директоры Анатолий Титовқа Алтынсарин ауданының 40 жылдығы медалін тапсырды. Аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі инспекторы Бірлік Серікұлы облыстық инспекциясының алғыс хатымен марапатталды.

Айбек ЖҮЗБАЙ