АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНА

АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНА

Мағрипа Шектібаева – жеті құрсақ көтерген көп балалы ана, немере-шөбере сүйіп отырған аяулы әже. Бүгінде жасы сексеннің үшеуіне таяған. Құдай қосқан жұбайы екеуі өсіп-өнген ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.Әжей мен жолдасы Тілеубай Ресейдің Қорған облысында туған. Екеуінің де ата-аналары сонау 30-шы жылдары, кеңестік ұжымдастыру кезінде шекара асыпты. Бұлар сол жақта өсіп-жетіліп, отбасы құрып, балалы-шағалы болды. Елге 1966 жылы қоныс аударған.

«Үлкен кісілер ел топырағына барамыз дегесін атажұртқа келдік. Түп-тамырымыз Сарыкөл ауданында еді. Осы өңірдегі Ырыстомар ауылына келіп қоныстандық. Ресейден көшіп келгенімізде үш баламыз – екі ұл, бір қызымыз бар болатын. Қалған перзенттеріміз осында дүниеге келді. Барлығын қатардан қалдырмай өсіріп, жоғары оқу орындарында оқыттық, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық», – дейді Мағрипа әжей.

Бұл кісілер Ырыстомар ауылында тура отыз жыл тұрды. Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп, ауылда қатардағы жұмысшы болып несібе терді. Ұрпақ өрбітті, ата-ана бақты. 1996 жылы, Мағрипа ананың денсаулығы сыр беріп, шаруаға жарамай қалған соң балалары ата-ананы Қостанайға көшіріп алып келген. Содан бері балаларының қызық-қуанышына бөленіп, бүгінде 16 немере, 3 шөбере иіскеп отыр. Әжей «Алтын алқа» иегері.

«Бес ұл, үш қыз сүйдік. Тұңғыш баламыз Тоқсан 62 жаста. Органда істеді, докторлық қорғады. Бүгінде Алматыда тұрып жатыр. Одан кейінгі ұлымыз Ешмұхамбет Қостанайда тұрады. Прокуратурада жұмыс істейді. Екеуінде де үш баладан бар. Екіншіміздің екі баласы Германияда білім алып жатыр. Тағы бір қызым Алматыда өмір сүріп жатыр. Бәрі де абыройлы қызмет етіп, өсіп-өніп жатыр. Тек, ұлдың кенжесі 19 жасында әскерде қызмет етіп жүріп қаза болды. Қайғыдан қабырғамыз қайысса да, басқа балаларымызға қарап еңсемізді тіктедік. Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы бірге жүреді емес пе. Барға шүкір дейміз», – дейді ақ жаулықты ана.

Ақсақал мен ақбұрым ерлі-зайыптылардың бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанына 63 жыл болған. Жастары ұлғайса да екеуі те ширақ көрінеді. Атамыз да жастайынан еңбекпен шыныққан жан. Жұмыс жолын механизатор болып бастап, агроном болып тер төгіп, кейін директор орынбасарына дейін көтерілген. Қостанайда облыстық газ құю бөлімшесінде еңбек етіп, зейнетке шыққан. Екеуі де дінді берік ұстанады, қол ұстасып қажылық парыздарын өтеп келген. Тағы бір айта кетерлігі, жасы сексеннен асып кеткен Тілеубай қарт әлі күнге жеңіл көлік тізгінінде отырады екен. Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы сөз бар. Ол тәмсіл нақ осындай тамыры тереңге тартқан тағылымды, өмірі өнегелі асыл қарияларға қаратылып айтылса керек.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу