Үш күн бойы Қостанай өңірін дүбірге толтырған «Алтын микрофон – 2023» XХ Халықаралық әншілер байқауы да өз мәресіне жетті. Байқаудың шешуші кезеңінде еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шет елдерден келген жас әншілер өнер көрсетті.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрағалық еткен қазылар алқасы кіші, ортаншы, ересектер және кәсіби санатының өнерін бағалап, саралады. Байқауға Қазақстаннан өзге Болгария, Армения, Қырғызстан, Украина және Өзбекстан елдерінен келген әншілер келіп қатысқан болатын. Барлығы да жақсы дайындалып, үміттерін үкілеп келген жүйріктер. Қазылар алқасына шын жүйрікті даралау оңай болмағаны белгілі. Десе де жүзден жүйрік шыққан шын талант бүгінгі «Алтын микрофонның» жұлдызы болды. Байқаудың жабылу салтанатында байқаудың әр жылдардағы Гран При иегерлері келіп, тосын сый жасады. Олардың қатарында Анна Уварова, Бекболат Жазықбаев болды. Бір кездері жеңімпаз атанған алтын дауысты жастар қазір өнер әлемін бағындырып жүр. Финалдық іріктеуден өткен, жүзден жүйрік шыққан 77 өнерпаз жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта, ересек және кәсіпқой топқа бөлініп, әрқайсысы екі-екі әннен орындап шықты. Фестиваль жеңімпаздары қазылар алқасының қалауы бойынша анықталды. Кіші топта Алматы облысынан келген Алсу Улуханова бірінші орынды жеңіп алды. Ал ортаңғы топ қатысушылар арасынан астаналық Жасмин Тілеуімбетова және жоғарғы топта Ақтөбе қаласынан келген Шерхан Арыстан үздік шықты.«Кәсіпқойлар» тобы бойынша 1-орынды алматылық жас әнші Досжан Қайыркенов, 2-орынға Астана қаласынан келген Ақбөпе Әлібекова, 3-орынды Қырғызстан Республикасы, Бишкек қаласынан келген Нурдөөлөт Деркембаев алды. Ал Гран При сыйлығы Жамбыл облысынан келген Қымбат Жамбылбекке бұйырды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА