Алты баланың анасына Арқалықтан баспана берілді

 Алты баланың анасына Арқалықтан баспана берілді

Екідің ауылының тұрғыны Мөлдір Тілеуқабылова көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің бірі. Алты баланың анасына үкімет Арқалық қаласынан 14 млн 314 мың теңгеге үш бөлмелі пәтер сатып әперді.

«Апат кезінде үйімізді су шайып кетті. Іліп алатын ештеңеміз қалған жоқ. Үкіметтің көмегімен үй алып жатырмыз. Жолдасым екеумізге жұмыс жағынан да жәрдемдесеміз деп отыр”, – дейді Мөлдір Тілеуқабылова.

Мөлдір қазір бала күтімімен үйде отыр. Ауылда жеке кәсіпкер болды.

“Моншам бар еді, ол да суға ағып кетті. Ең бастысы – бастың амандығы. Қаладан да бір кәсіп табылады деген үміттемін. Төтенше жағдайдан тікұшақпен құтқарылдық. Жанымыздың аман қалғанына шүкір дейміз. Үкіметімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Апаттан құтқарып, жан-жақты жәрдемдесіп жатыр. Қиын шақта қолұшын созған ауылымыздың тумаларына да алғысымыз шексіз. Қоғамдық қор арқылы берген қаражаттарына пәтер жалдадық. Баспанамызды өзіміз барып, таңдап алдық. Өзімізге ұнайды, үйіміз әдемі», –дейді ол.

Балаларының үлкендері азамат болған. Үш баласы мектепте оқиды. Біреуі даярлық сыныбына барады. Балалары алған үйлерінің жанында Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінде білім алып жатыр.

  Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ   

 Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу