Алпыс жылда алпысқа жуық ән арнаған

Алпыс жылда алпысқа жуық ән арнаған

Халықаралық отбасы күніне орай Қостанай ауданының мәдениет үйінде мазмұнды әрі тағылымға толы кездесу өтті. Іс-шараның құрметті қонақтары – бір-біріне тірек болып, жарты ғасырдан астам уақыт отасып келе жатқан Эмиль мен Ұлжібек Сейдалиндер.

Ардақты жандарды сахна төрінде көрермендер зор ілтипатпен қарсы алды. Бұл – «Алтын дән» мәдениет үйіндегі өнегелі шаңырақ иелерімен өткен жылы жүздесу.

Шамамен 60 жылға жуық бір-бірін сыйлап, өмірдің талай белесін бірге өткеріп келе жатқан ерлі-зайыптылар – шынайы сүйіспеншілік пен өзара түсіністіктің үлгісі. Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – жас буынға отбасылық құндылықтарды насихаттап, аға буынның өмірлік тәжірибесінен тағылым ұсыну.

— «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді халқымыз. Бүгінде жас отбасылар түрлі сынақтарға төтеп бере алмай, жиі ажырасып жатады. Осындайда үлкендердің ақылы мен өмірлік тәжірибесі ауадай қажет. Бұл кездесуді ұйымдастырудағы мақсат та — дәл осы, — дейді шараны ұйымдастырушы Әмина Махмұтова.

Эмиль мен Ұлжібек апай алғаш рет би кешінде танысқан. Ол кезде жігіт – 24-те, қыз – 20 жаста еді. Уақыт өте келе бұл кездесу берік отбасының бастамасына айналды. Бүгінде олар – төрт баланың ата-анасы, тоғыз немере мен екі шөберенің аяулы ата-әжесі.

— Түсіністік пен құрмет – отбасы тірегінің негізі. Біз өмірдің талай қиын кезеңдерін бірге еңсердік. Қашан да бір-бірімізбен ақылдасып, сабырмен шешім қабылдадық. Соның арқасында бүгінгі күнге аман-есен жеттік, — дейді Эмиль Сейдалин.

Ұлжібек Кенжеғалиқызы – еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, кейін мәдениет саласында жемісті еңбек еткен жан. Ән айтқанда, жары баянмен сүйемелдеп, сахнада да бірлікте өнер көрсетеді. Эмиль Мәжитұлы ұзақ жыл ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарған. Қиындыққа қарамастан, жұбайының жанынан табылып, сахнада да қолдау көрсетіп отырғаны – олардың ерекше үйлесімін көрсетеді.

— Эмиль менің бір ауыз сөзімді жерде қалдырған емес. Арнап жазған 60 шақты әнімнің бәрі «Өмір — өзен» атты жинаққа енген. Осындай игі шараға шақырып, үлгілі отбасы ретінде бағалағандары үшін зор алғысымызды білдіреміз, — дейді Ұлжібек Сейдалина.

Кеш соңында мәдениет үйі әртістері өнер көрсетіп, кешке келген қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай игі кездесулер – отбасы институтының құндылығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетіні анық.

Айбол ӨМІРТАЙ
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті
Қостанай ауданы