Алматыда музейге келушілер саны екі есе өсті

Алматыда музейге келушілер саны екі есе өсті

Алматы музейлері 2023 жылы кіру билеттерін сату арқылы 60 миллион теңгеден астам табыс тауып, ағымдағы жылға арналған жоспарды 200% асыра орындады. Бұл туралы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев музей ісін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында мәлімдеді.

Биыл 11 ай ішінде өнерсүйер қауым үшін 73 көрме ұйымдастырылды, оны тамашалаушылар саны 125 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Айта кететін, музейлерге кіру билетінің құны 250-ден 5000 теңге аралығында. Балаларға, зейнеткерлерге және студенттерге жеңілдіктер қарастырылған.

«Биыл музей мамандары белсенді және жемісті жұмыс жүргізіп, көптеген көрсеткіштер бойынша үздік нәтижелер көрсетті. Халықаралық ұйымдармен 15 меморандумға қол қойылды, олардың барлығы саланы дамытуға бағытталған. Біздің көрмелер тек қала аумағында ғана емес, Оңтүстік Кореяда, Италиядаж және Австрияда да ұйымдастырылды. Қала басшылығының қолдауымен биыл мұражай қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілді. Музейлерге келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқаны қуантады»,–деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

2023 жылы Алматыдағы музей қызметкерлері 25 ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, әкімдіктің қолдауымен алғаш рет Францияның жетекші музейлерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Айта кетейік, Алматыда қала әкімдігіне қарасты 8 музей жұмыс істейді, олар: Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиевтің мемориалды музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, А.Байтұрсынұлы музей-үйі, Райымбек батыр музей кешені.

almaty-akshamy.kz

Жаңалықтармен бөлісу