Алғысым шексіз саған, Жәннатым!

Алғысым шексіз саған, Жәннатым!

“Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы” дегендей, жер бетіндегі аналардың тілеуі бір. Ол – мейірімділік, адалдық, бейбітшілік, адамгершілік. Ұрпағының аман-саулығы.

Сондықтан менде өз анам туралы айтатын болсам, дүние есігін ашқаннан бері асыл анамның аялы алақаны мен жылы құшағының арқасында ешқандай қиындықты сезінбей өсіп келемін. Менен басқа отбасымда тағы да сіңілім бар. Әкем мен анам біздің болашағымыз үшін еңбек етуде. Бізді қатарымыздан қалмай, білім алып, еліміздің елеулі азаматтарының бірі болса екен деп тілейді. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген анамның қасымызда екеніне мен қуанамын. Оның таңертең еркелетіп оятқаны, кейде көңілсіз болсам, келіп жып жылы алақанымен маңдайымды сипап, бетімнен сүйгені, ауыра қалсам, қасымнан кетпей қинала қарайтын жанары – бәрі маған ерекше күш беріп, сәуле шашқан күн сияқты. Анамыз үйде болмай қалса, үй іші де жылусыз қалған сияқты болады. Оны түсінгенім осыдан бірнеше жыл бұрын өзім кішкентай болсам да әлі күнге дейін есімде. Анам ауырып ауруханаға түскен болатын. Иә, Аллаға шүкір сол кезде бізді жылатпай, анам сияқты аялап, мәпелеп, барлығын жасаған тәтеміз болатын еді. Бірақ бала үшін ананың орны бөлек қой. Бір күні анам сауығып үйге оралған кезде есікті ашып кіріп келгенде, күннің нұры құйылып кеткендей, бәріміз көктемгі жапырақтай жадырап сала бердік. Расында да, анамыз бар кезде біз өзімізді әлі де сәбидей, қорғаны бар, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, құнары бар топырақтай, ағашы бар жапырақтай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, күзі бар жаңбырдай, қысы бар қардай, қысқасы, жаны бар адамдай сезінеміз. Сол себептен, Анашым, мен үшін дүниенің бар асылы бір өзіңсің! Қасымда болмасаң, өмірімнің сәні де, мәні де болмас. Сен – ақылшым, сен – тірегім, сен – кәусар бұлағым. Әрқашан қасымда болшы, Анашым. Дүниеде сендей асыл жанның болғанына ризамын. Біз үшін түн ұйқыңды төрт бөлгенің үшін, бізге деген ыстық ықыласың үшін, аялы алақаның мен жылы құшағың үшін, мейірім толы жүрегің үшін мың алғыс саған, Жәннатым!

Нарқыз Арманқызы Сабыржан,

Қостанай қаласы №20 жалпы білім

беретін мектебінің  8 «ә» сынып

 оқушысы

 

Жаңалықтармен бөлісу