Алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалмақ

Алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалмақ

Елімізде алдағы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция ресми күшіне енеді. Маңызды құжаттың қабылдануына орай Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауқымды әкімшілік рақымшылық жүргізілмек. Бұл туралы жуырда Қостанайда өткен патриоттар форумында «Конституция және азамат» атты диалог алаңында кеңірек айтылды.

Ашық алаңда жаңа Конституцияның негізгі бағыты мен мазмұны төңірегінде әңгіме өрбіді.

«Жуырда күшіне енетін жаңарған Конституцияда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан» ұстанымдары мемлекеттік дамудың негізі ретінде айқындалған. Аталған тұжырымдар қоғамдық қауіпсіздіктің, тұрақтылықтың, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің тірегі. Тәртіп пен қауіпсіздік аймақтың көркеюінің кепілі. Біздің ортақ міндетіміз тек қауіпсіздік деңгейін сақтау ғана емес, қоғамда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын нығайту. Әрбір өңір тұрғыны өзін қауіпсіз сезінетіндей жағдай жасауға тиіспіз. «Заң мен тәртіп» — бұл жай ғана заңдар жиынтығы емес. Әр азаматтың құқықтық санасында берік сақталатын, мемлекеттік органдардың қызметін бағыттайтын негізгі қағида», – деді Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев.

Облыс прокурорының айтуынша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы іске асқалы бері аймақ төңірегінде азаматтардың қауіпсіздік деңгейі жақсаруда. Бұрын Қостанай облысы қылмыс көрсеткіші бойынша республикада алғашқы орындардан түспейтін. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Дорога в новую жизнь», «Защита от мошенников», «Бала қорғау 2026», «Айқын нәтиже» сияқты бірнеше жоба жемісті жүргізілуде. Нәтижесінде қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік 16 % азайды. Көпшілік жерде ішімдік ішу қылмысы 19 %-ға, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар 52%-ке төмендеген.

«Дорога в новую жизнь» жобасының мақсаты – бостандыққа шығуға дайындалып жүрген жазасын өтеушілерді қолдау, оларды қоғамға бейімдеу, қайтадан тәртіп бұзбауға шақырып, темір торға тағы да түспеуден сақтандыру.  Жазасын өтеп шыққан азаматтарды еңбекке баулып, тиісті медициналық-әлеуметтік, құқықтық көмек алуға жәрдемдесу»,-деп толықтырды прокурор.

Қостанай облысына арнайы сапарлап келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан «Заң мен тәртіп» қағидасы қарапайым тәртіпті сақтаудан, бір-бірімізге құрмет көрсетуден басталатынын жеткізді.

«Заң мен тәртіп қарабайыр ұранға айналмауы тиіс. Біз оның мәнін терең түсінуіміз керек. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда «Заң мен тәртіп» деген сөз ғимараттар маңдайшаларында жазылып, ілініп тұрады. Құдды бір бұл қағида тек сол мекемеге, құқық қорғау органдарына ғана қатысты сияқты. Иә, заңды мемлекеттің арнайы өкілетті органы  қабылдайды, заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Ал тәртіп ше? Тәртіп деген не? Тәртіп бәрімізге қажет. Ол мектеп партасынан, тіпті балабақша табалдырығынан басталады дер едім. Дамыған мемлекеттерге немесе Еуропа елдеріне қараңыздаршы. Тәртіпті ең алдымен бала кезінен бойға сіңіріп, негізін қалайды. Тәртіп бар жерде мемлекеттік даму бар. Сондықтан жастарды кішкентайынан тәртіпке, мәдениетке баулу қажет. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын түсіндіруде тек қана заңгерлердің күш салғаны жеткіліксіз. Оған педагогтардың, мәдениеттанушылардың, журналистердің, жалпы қоғамның жұмыла кіріскені ұтымды»,-деді тарқатты депутат.

Мәжілісмен 1 шілдеде заңды күшіне енетін жаңарған Конституция жөнінде пікір қосты. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасы жарияланғанын хабарлады.

«Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауқымды әкімшілік амнистия (рақымшылық) жарияланбақ. Мұндай көлемді бастама ТМД төңірегінде тұңғыштар қатарында. Әкімшілік амнистияға 1 миллионның үстінде адам іліккелі тұр. Бұл алдын ала есеп, көбею немесе азаю жағынан сәл-пәл өзгеріс болуы мүмкін», – деді Абзал Құспан.

Мәжіліс қабылдаған заң жобасына сәйкес, жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жекелеген санаттары бойынша жауаптылық жеңілдетілуі мүмкін. Алдағы рақымшылықтың бұған дейін жүргізілгендерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық  рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүзеге асырылмақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА