Қауіпсіз қала: ортақ күш-жігермен

Қауіпсіз қала: ортақ күш-жігермен

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері Қостанайдағы Жоғары педагогикалық колледжінде жастардың құқықтық және қаржылық-экономикалық сауаттылығын арттыру мақсатында «Дропперлікке және вейптерге қарсы іс-қимыл» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шара «Заң және Тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылғанын айта кетейік.

Дәріске колледждің 150-ге тарта студенті қатысып, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз қаржылық схемаларға сақ болу керектігін ұғынды.

blank

Солардың бірі Медина Есмағамбет бұл дәрістің өзі секілді жастар арасында қаржылық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталғанын түсінгенін айтады.

«Осындай іс-шаралар қазіргі буынға аса қажет деп ойлаймын. Олардың өмірдің бұралаң жолдарына тартылуына жол бермеуді көздейді. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында вейптерді қолданудың зияны мен қауіпті мәселелері де қарастырылды. Қажетсіз бұйымдарға босқа ақша құртпауды үйрендік», – дейді Медина.

Колледж студенті Аян Әбдіраманды дропперлерден сақтану жолы қызықтырған.

blank

«Күмәнді ұсыныстардан әрдайым сақ болуға тырысамын. Олардың банк операциялары арқылы жеңіл табыс табуға, сыйақы үшін аударымдарға көмектесетіндерін айтатынын білдік. Сөйтіп жеке шотымызды бизнес үшін пайдаланады. Егер күмәнді осындай әрекеттерді байқасақ, дереу банк картасын бұғаттап, құқық қорғау органдарына хабарласатын боламыз», – дейді Аян.

Иә, дроппингтік құбылыс қоғамдағы елеулі мәселелердің бірі. Азаматтардың өздері білместен қылмыстық схемаларға қатысып жататын фактілері жиі кездеседі. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Уәлихан Хамзаның осы тақырыптағы деректерін аудиторияға жиналған жастар ұйып тыңдады.

blank

«Дропперлер — өздерінің банк деректерін алаяқтарға аздаған ақыға беретін адамдар», – анықтама бере кетті жедел уәкіл.

Схема бойынша қылмыскерлер жәбірленушілерді алдап, ұрланған қаражатты бейхабар «көмекшілердің» шоттарына аударады, олар ақшаны шешіп алып, ұйымдастырушыларға береді.

«Алаяқтар адамдарды мұндай әрекеттерге Telegram-арналар, әлеуметтік желілердегі хабарландырулар және жұмыс іздеу платформалары арқылы тартады. Олар «жеңіл табыс» уәде етеді. Әсіресе, қаржылық тәуелділіктегі жастар мен студенттер осындай тәуекел аймағында болады және өздерінің қылмысқа қатысып жатқанын көбіне түсінбейді», – деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, көбіне алаяқтар осал топтарға бағытталады. Олар студенттер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, жұмыссыздар, шетел азаматтары мен тәуелділігі бар адамдар болуы әбден мүмкін.

blank

Себебі дәл осы топтар «оңай ақша» мен икемді жұмыс іздейді. «Еңбексіз табыс», «Тәжірибесіз жұмыс», «Икемді кесте» сияқты жарнамалар бұларға тартымды көрінеді.

Бірақ банк картаңызды немесе деректеріңізді бейтаныс адамдарға беру — қылмыстық схемаға қатысу, бұл қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескерген абзал.

Күдікті «жұмыстың» белгілері бар екенін біліп жүрген жөн. Сізден басқа адамның атына банк картасы немесе SIM-карта ашу сұралады. Жеке куәліктің суретін талап етеді. Сізге ақша немесе криптовалюта аударуды ұсынады. Күніне жарты сағатқа 500 000 теңге табыс уәде етеді. Барлық байланыс тек онлайн жүреді.

Нақты деректерге тоқталар болсақ, Алматы мен Астанада 24 студент алаяқтардың өтінішімен 390 миллион теңге ақшаны қолма-қол шешіп алған. Енді олар қылмыстық істің фигуранттары қатарына жатады. Бір студент 10 000 теңгеге өзінің картасын берген. Сол карта арқылы 150 миллион теңге өткен. Ол да ақыр аяғында күдікті деп танылды. Ұлытаудан бір қыз криптовалюта аударып, есірткі саудагерлеріне жұмыс істеп жүргенін білмеген. Тағы бір студент криптобиржа аккаунттарын сатып, сол арқылы 350 миллион теңге заңсыз айналымға түскен.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді, ол дропперлік үшін жауаптылықты белгілейді.

Дропперлік деп мына әрекеттерді айтамыз:

банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз түрде қолжетімділікті беру, тапсыру немесе алу;

үшінші тұлғалардың мүддесінде материалдық сыйақы үшін заңсыз төлемдер мен (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру.

Бұл құбылыс интернет-алаяқтықтың негізгі тетіктерінің бірі және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығаруға пайдаланылады.

Әрекеттің сипаты мен келтірілген залалдың мөлшеріне қарай 232-1-бап бойынша айыппұлдан бастап 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Бұл норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті күшейтуге, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғауға және цифрлық кеңістіктегі қылмыстық топтардың әрекеттерін тоқтатуға бағытталған.

Өзіңізді одан қорғау үшін банк картаңыз бен реквизитіңізді, мобильді банкингтің PIN-кодтары мен құпия сөздерін,

банк қосымшаларына қолжетімділікті

растайтын SMS-кодтарын бермеңіз.

Барлық хат-хабар мен құжаттарды сақтап, банкке алаяқтық туралы ескертіңіз. Шынайы жұмыс сіздің банк шотыңызға қолжетімділікті талап етпейді.

Сіздің қаржы құралдарыңыз арқылы «табыс табу» туралы кез келген ұсыныс  бұл алаяқтық, ал оған қатысу  қылмыс.

blank

Вейптер мен бір реттік электронды темекілер де қазір кең таралған. Олар дүкендерде, интернетте еркін сатылады. Өкінішке қарай, мектеп оқушылары мен студенттер арасында да жиі кездесіп жүр.

Көптеген жарнамаларда вейптер дәстүрлі темекіге «қауіпсіз балама» ретінде көрсетіледі.

Департаменттің жедел уәкілі Әсемгүл Балжақаева айналадағы вейптер мен басқа да никотин өнімдерінің заңсыз айналымы өзекті мәселеге айналып отырғанын айтты. Оның қоғамдағы зияндылығын түсіндірді.

«Түрлі дәм, ашық қаптама және тартымды дизайн өнімнің зиянсыз екені туралы жалған әсер қалдырады. Алайда бұл — шындыққа жанаспайды. Бір вейптің құрамында 50–60 мг никотин болуы мүмкін. Бұл 2–3 қорап кәдімгі темекіге тең. Никотин – тәуелділік тудыратын күшті есірткі зат. Ол әсіресе жасөспірімдердің дамып келе жатқан ағзасына тез әсер етеді. Бірнеше күннің ішінде тұрақты тәуелділік қалыптасады», – деп атап өтті Әсемгүл Балжақаева.

Одан бөлек, вейптердің құрамында санитарлық бақылаудан өтпеген химиялық хош иістендіргіштер мен қоспалар бар. Халықаралық зерттеулер мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, вейпті тұрақты пайдалану тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларына, жүрек-қан тамырлары ауруларына, инсульт қаупінің жоғарылауына әкеледі.

blank

Ми қызметі мен когнитивтік функцияларға теріс әсері бар. Медицинада никотин өнімдерін тұтынуға байланысты улану, аллергиялық реакциялар және созылмалы аурулардың асқынуы жағдайларының көбейгені байқалады. Осыған байланысты 2023 жылы Қылмыстық кодекске 301-1-бап енгізілді. Ол түтінсіз темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптер), сұйықтықтар мен хош иістендіргіштердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейді. 301-1-бапқа сәйкес, мұндай өнімдерді заңсыз өндіру, сақтау, тасымалдау, сату немесе тарату үшін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер бұл әрекеттер топпен, ірі көлемде немесе интернет арқылы жасалса, жаза 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мен мүлікті тәркілеуді қамтуы мүмкін.

Қостанай облысында соңғы жылдары осындай құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2024 жылы бірнеше қылмыстық іс қозғалып, жалпы құны бірнеше миллион теңге болатын мыңдаған өнім тәркіленді. 2025 жылы бұл жұмыстың нәтижесінде 2300-ден астам өнім алынды, ал істер бойынша келтірілген зиян сомасы 39 миллион теңгеден асты.

Ұйымдасқан топтар заңсыз өнімдерді жүйелі түрде тасымалдау және сату үшін жасырын схемалар мен жалған тұлғаларды пайдаланады. Бір іс барысында 20 миллион теңгеден астам сомаға көлік құралдары тәркіленген.

Бұл – жай ғана заң бұзушылық емес, қоғамның денсаулығы мен болашағына нақты қауіп. Мұндай өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес — құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарының басым бағыты.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ