Алаштың Әсиясы

Алаштың Әсиясы

Халық ақыны, айтыс өнерінің жүйрігі, мәдениет және білім саласының үздігі Әсия Әйіпқызы Беркенова 75 жасқа толды.

Қазақтың маңдайына біткен аяулы тұлғаның өмір жолы, өнер соқпағы – тұнып тұрған өнеге. Ардақты ақынның бүтін болмысы бір мақаланың аясына сыймайтыны хақ. Дегенмен бүгін оқырман назарына мерейтой иесі жөнінде аз-кем лебіз-баян ұсынбақпыз.

Бала шақтан болашаққа

Әсия апамыздың балалық шағы Әулиекөл ауданының Ноғайкөл ауылында, кең жазира даланың құйқалы пұшпағында орналасқан, қос айдынды көлі бар кербез сұлу мекенде өтті.

Қазақтың басқа ауылдарынан бір мысқал кемдігі жоқ, ынтымақ-бірлігі жарасқан, ұжым болып ұйысқан, меймандос болып сыйысқан ауылда өніп-өсті.

Ол ақынның «Ауылым» атты балладасында керемет сипатталған да еді. Бала күнінен нағашылары бауырына басты. Нағашы атасы Жұмағали темірден түйін түйген ұста кісі-тін. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Донбасқа ұсталыққа алынып, қан майдан аяқталғасын елге оралып, ауылда осы кәсібін жалғастырыпты. Ол кісі өнерлі де еді, домбыра тартып, әуелете ән салатын. Әдіптеп әңгіме айтуын да ел-жұрт ерек бағалайтын.

«Бала кезімізде оразаның көбі қыс мезгіліне келетін сияқты еді. Үлкен кісілер тарауыққа жиналып, солардың ортасында қалғып-шұлғып біз де отыратынбыз. Әже-аталарымыздың аузынан түрлі әңгіме-қиссалар тыңдаушы едік. Содан сөз өнеріне құмарымыз ашылды. Атам домбыраның құлағына ағаштан ойып жасалған ортекенің лақтарын жіппен байлап қоятын. Сонысымен қызықтырып, алғаш рет мен де домбыраны үйрендім. Әуелі әркімге белгілі «Елім-ай» деген әннің әуенін қос ішекке салғаным есімде», – дейді Әсия апай.

Шешейдің де әп-әдемі дауысы бар еді. Ауылдағы той-томалақта әу дейтіндердің бірі болды.

Болашақ өнерпазға мұның да әсер-ықпалы тимей қоймаса керек. Ал ақындық қабілет, өзінің айтуынша, әке жағынан дарыған. Кәкімжан есімді атасы ел білетін өлеңші, домбырашы және тігінші болған екен. Өнерімен ықыласқа бөленіп қана қоймай, оның қолынан шыққан тұлып, ішік, тымағы өте үлкен сұранысқа ие болыпты. Ескі де есті әңгімені, тарихты тарқатқанда аузына қарамаған жан қалмайтын көрінеді.

Бұдан бөлек, өз әкесі ақындықтан алыс адам болмады. Төрт аяғын тең бастырып, өрнектеп өлең өруге қабілетті еді. «Текте бар теппей тұрмайды» деген емес пе, екі жақтың қанынан құралып, өне-бойына

ғажап өнер бітті… Ал өжет мінезді болып өсуінің сырын ақын былай деп түсіндіреді:

«Шешемнің жалғыз қызы болғаннан кейін бетімнен жан баласы «әрі тұр» деп қағып көрген жоқ. Тік мінездігім содан қалыптасқан болуы керек. Сондай-ақ кейін ойлап отырсам, ауылдағы кемі үш-төрт баласы бар адамдардың «жалғыз қыз, жалама тұз» дегендей аяушылықпен қарауы да әсер еткен сыңайлы. Ешкімнің бетіме қарсы келмеуі – керемет ақылдылығымнан емес, өскен ортамның біздің отбасыға деген көзқарасы, пейілінен деп ойлаймын», – дейді апамыз.

Тиісінше, осы мінез-болмысы мектеп жасында пысық, елгезек болып көзге түсуіне, өнерде де, білімде де именбей додаға түсіп, қатарының алды болуына ықпал етті. 5-6 жасында, ауылға тың көтерушілер келген кезде құрылған «қызыл бұрыш» оның ең алғашқы сахнасы болды. Кешке таман ауылдың көркемөнерпаздары қолдағы бар аспаптарын алып шығып, білген өнерлерін ортаға салып жататын. Сол кезде табуретканың үстіне шығып бірінші рет ән айтқаны күні кешегідей әлі есінде.

«Бір-екі адам шырт-пырт қол соқса, мұрнымды бір сүртіп тастап, өлеңнен соң өлең айта беретінмін. Содан бастап өнер ортасында жүрдім. Мектеп кезінде «Ошаған» деген қабырға газеті болатын. Онда нашар оқитын, жағасы кір, тырнағы өскен, өзін күтпейтін оқушылар, сабаққа дұрыс келмейтін, қоғамдық жұмысқа қатынаспайтын балаларды сынап-мінеп, карикатура суреттерін салып әуреге түсетінбіз. Сол жерде мен бас редактор болып, «кейіпкерлерге» арнап эпиграмма шумақтар шығарып жүрдім. Өлең өлкесіне сол кезде талпына бастадым-ау деймін», – деп, балалық шағын есіне оралтты апай.

Оқушы кезінде-ақ айналасына ақындығын мойындатты. Мемлекеттік емтиханда Ілиястың «Құлагер» поэмасы жөніндегі шығарманы бастан-аяқ өлеңмен өлеңмен өріп шығып, үздік баға алып, айды аспаннан шығарғаны және бар…

 

Айтыс сахнасына жол

80-ші жылдары, кеңес одағы кезі болса да, айтыс өнері қылаң бере бастаған-ды. Әлдекім түрткі болды ма, ұлт өнері жер-жерде ауық-ауық ұйымдастырылатын болды. Сол кездегі Манап Көкенов, Шолпан Қыдырниязова сынды ат төбеліндей ғана ақындар осы өнердің «алғашқы қарлығаштары» ретінде елге таныла бастаған. Ол шақта қазіргідей үйді-үйде «көк жәшік» те жоқ. Халық басылымдардан оқып-біледі. Бірақ соның өзі көкірегінде өлеңнің сәулесі бар жас өркенге қозғау салды. Өзі жергілікті жиын-тойларда әлдекімдерге келеке-күлкі түрінде шымшыма шумақтар шығарып, елді мәз-мәйрам етіп жүретін. Кейін келе «сен неге айтысқа бармайсың?» деп ұсыныс-кеңес айтатындар көбейе бастады.

«Ол кезде мен орыс тілі маманы болып кеттім де, айтысқа қатысамын деген ой мазалап көрген жоқ. Бірақ құлағым елеңдеп жүрді. Бір күні мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып аудан орталығына есеп беруге барғанымда мәдениет бөлімінің басшысы Есетай Қалқаев деген азаматты кездестірдім. Құдды бір құдай итергендей, оған: «Есеке, осы біз неге жұрттарға ұқсап айтыс өткізбейміз?» – дедім ойда жоқта. «Өй, оған кім қатысады, кім айтысады?». «Бір айтыскер алдыңызда тұр», – деймін көндіргендей болып. «Сен орыс тілінің маманысың ғой, қалай айтысасың?». «Ол жағында шаруа- ңыз болмай-ақ қойсын да», – деймін мен де алған беттен қайтпай. Содан, не керек, ақыры осы іс қолға алынды, тәп-тәуір өтті», – дейді ол.

Айтыс әуелі ауданда, кейін облыс деңгейінде өтті. Ол 80-82 жылдар еді. Сахнаға иін тіресіп бірге шыққан азаматтар да Әсия апайдың әлі есінде – Аңсаған Торин, Әбілқасым Тәңірбергенов, Ғаббас Тұралин, Абай Қажи, Талғат Ахметов және басқалар. Апайдың облыстық айтыстағы қарсыласы биыл жүз жасқа толған абыз ақсақал Қасымхан Алдабергенов болыпты. Одан кейін өзге де айтулы өнерпаздармен шеберлік сынасты. Сан деңгейлі сатылардан өтті. Ал республикаға 1984 жылы Қостанайдан өзі, Торғайдан Қонысбай Әбіл шықты. Аламандарда ә дегеннен-ақ алдаспандай жарқырап, тасқын-селдей арқырап, жүміле жұрттың назарына ілікті.

«Ол кездегі айтыста шынайы суырыпсалмалық болды. Ұлт өнерінің табиғатын сақтап айтыстық. Сол табиғи қалпымен айтысқа реанимация жасаған ұрпақ болдық. Ешкімге еліктемей, өз ерекшелігімізбен шықтық. Әсіресе, мақам, әуен жөнінен жеке-бөлек үніміз болды. Домбыраны қағып жібергеннен-ақ радиодан тыңдап отырған халық, көзімізді көрмесе де, «е, мынау бәленше ғой» деп отыра қалып тыңдайтын еді. Шынында да ол кездегі айтыстың беделі өте мықты болды. «Көп өңірде айтыс болатын уақытқа сәйкес келіп қалса, тойларының күнін өзгертуші еді» дейтін әңгімелерді естідік. Бұл, расында, қазақтың өлгені тіріліп, сөнгені жанғандай болған кезең еді», – деп толғанды халық ақыны.

Айтыстың бүгіні туралы да ақынның айтар пікірі аз емес. Көркемдік деңгейдің өскеніне, жас дарын, жаңа есімдер күн санап толығып жатқанына тәнті. Бір жағынан, шоу бағытына көбірек лайықталып, арагідік жасандылық сезіліп, мақамдық ізденістердің сиреп кеткеніне алаңдаушылық та білдіреді.

«Біз керемет едік, бүгінгілер бәлен-түген деуден аулақпын. Бәріне күл шашу ниетім жоқ. Бірақ алдыңғы толқын өкілі болғандықтан, көзге ілігетін кейбір жайтты айтпай тағы отыра алмайсың. Айтыс – синкреттік өнер. Сөз бен саз, өлең мен әуен үйлесуі керек. Айтарың ғана емес, мақамың да айырықша болуы қажет. Қазір көбінде ерекшелік жоқ. Бәрі трафарет секілді көрінеді кейде. Айтысты шоуға айналдыру да аса жаман дүние емес. Бірақ оны негізгі табиғатынан алыстатып алмауды ойлау керек. Бізде жеңіл-желпі айтыстарды құптайтын көрермен көп сияқты көрінеді. Қазылар құрамына да өлең-сөздің жілігін шағып, майын ішкен мамандар отыруы керек. Қазір кім болса сол, біреудің көкесі-бөпесі, бір газеттің редакторы, сыныптас-сапарлас, жүздес-кафелес сияқ- ты адамдар отырғанда көңілің түседі», – деген пікір айтты ақын.

 

«Ұстаздық – жаным қалаған мамандық»

Әсия Әйіпқызының айтуынша, бала кезінде мұғалім ең құрметті мамандық саналды. «Ондай кісі –қарапайым адамға тән мінез-құлықтан ада, идеал жан» деп ойлайтын сол дәуірдегі оқушы атаулы. Сол себептен мұғалім болу – олар үшін,әсіресе, қыздар үшін арман атаулының ең асқағы-тын. «Мұғалім болсам» деген арман Әсия апайды да мақсат-мұратына адастырмай апарды деуге болады.

«Көк көздерден көп теперіш көрдік. Өтіп бара жатсақ, басымызға тас лақтырып, көшеден жүргізбейтін. Автобуста өз тілімізде сөйлесек «не балякайте!» деп үлкен-кішісі беттен алатын. Қызық болғанда, «Соқырдың бидайын өзіне қуырып бердім» дегендей, орыстардың өз тілін өздеріне 25 жыл бойы үйретіп, мектепте сабақ бердім. Жөнсіз мақтанғаным емес, өзімді мықты мұғаліммін деп есептеймін. Жетістігім аз емес. Жолымды қуып, осы мамандықты таңдаған талай шәкіртім бар. Бастысы, мұғалімдік – жаным қалаған мамандық. Басқа қызметтерге мойын бұрмағаным содан», – дейді ұлағатты ұстаз.

Беделді қызметке талпынбаған бір адам болса, ол – Әсия апамыз. Әйтпегенде небір шақыртулар мен ұсыныстар болды. Оның да себебі белгілі еді, ел алдындағы абыройынан бөлек, қос тілді еркін меңгергені көпке мәлім. Бірақ апай өзін мансапқор ретінде көрмеді. Сонда да қоғамдық жұмыстардан ешқашан қол үзіп көрген емес.

«5 жасымдағы ауылдың «қызыл бұрышынан» бастап, өмір бойы қоғамдық істің басы-қасында жүрмін. Бір жерде әлденені жөнге келтіру керек болса, бірдеңеге үн қатып, үлес қосу керек болса, ұдайы қайнаған ортадан табылдым. Оқушы кезімнен осы күнге дейін белсенділіктен танбай келемін. Соның бәрі басымнан өткеннен кейін отбасы, ошақ қасында отыра алмайды екенмін. Әйтеуір бір ауыз сөзімнің беделі тұрған кезде сондай жерден қалып көрмеген адаммын», – дейді ақынның өзі.

Ұлтын шексіз сүйетін ақынды толғандыратын қоғамдық түйткіл де аз емес. Солардың ең өзектісі қазақ тілінің ахуалы екенін айтады ол. Кейбір қазақтың өз тілінде сөйлеуді қор санайтынына налиды.

«Өз тілін біле тұра орысша шүлдірлейтін адамдарға қарап қаным қайнайды. Өте еліктегіш халықпыз. Сосын көп жерде: «Әй, мен орыс тілі маманы болсам да қазақша сөйлеймін ғой. Жұмысыңда қай тілді қолдансаң да мейлің білсін. Одан тыс ана тіліңде сөйлесеңші. Орыстардың келуіне, күтіп алуға дайындалып жатсыңдар ма? Әлде орыстың тілі өліп қалады деп қорқасыңдар ма?» – деп батырып айтып тастаймын. Мәселенің «көкесі» тілде жатыр. Қазақша ойламаған адамның менталитеті, бүкіл болмысы өзгеріп кетеді. Сондықтан өзіміздің болашағымызды ойламай жүрген қаракөздерге налимын. Балаларын орыс тілімен ауыздандырып, шатып-бұтып орысша сөйлейтін қазақтың кемпір-шалдарын көргенде тіптен жыным ұстайды. Балаларына қазақша ат қоюдан қашатын қазақтарға да өкпелейтін кезім көп», – дейді ақын.

Апамызды шетелде оқып, сол жақта қалып қойып жатқан, елдегі тұрмыс ахуалы болмағандықтан сыртқа көшіп кететін білікті жастардың жайы да алаңдатады. Мемлекет бұған да мықтап ден қоюы керек, жан-жақты қолдау-демеу, жағдай жасауы қажет деп есептейді…

Жетпістің бесеуіне келіп отырған Әсия апамыз – өнегелі үш баланың ардақты анасы, олардан өрбіген ұрпақтың қызық-қуанышын көріп отырған аяулы әже. Жұбайымен жарты ғасырдан артық уақыт тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Халқы төбесіне тұтқан қадірлі өнер қайраткері өзін шексіз бақытты жан санайды. Алаштың Әсиясын біз де мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр, есен-саулық тілейміз!

Жандос ЖҮСІПБЕК