21 июня, 2025
Алаш арысының тұтынған заттары Торғайда сақтаулы

Алаш арысының тұтынған заттары Торғайда сақтаулы

Қаламгер Міржақып Дулатұлына қатысты заттар мен оның отбасы тұтынған тұрмыстық бұйымдар Торғайдағы музейде сақтаулы. Бағалы экспонаттардың көбісін алаш арысының қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тапсырған. Бұл туралы  Жанкелдин мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей Қостанайда өткен ғылыми-практикалық конференцияда айтты.

1988 жылдың 4-қарашасы ел тарихында ерекше таңбаланған күн. Дәл сол күні алаштың бес арысы ҚазКСР Жоғарғы соттың шешімі бойынша ақталған еді. Оның екеуі Торғай даласының перзенті Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болатын.  Асыл азаматтардың ақталғаны туралы сүйінші хабар тарағанда Торғай жұртының төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Артынша Ахаң мен Жахаңның еңбектерін насихаттау мақсатында музей ашу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде Торғай төрінде қос арысқа арналған әдеби үй бар.

– Мұражай ішін жасақтауда 1988 жылдары мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков орасан зор еңбек сіңірді. Жақан Қосабаев, Ғазиз Әмірханұлының еңбегінің арқасында осы мұражай жарық дүниеге келді. Ғимаратты қалай жабдықтаймыз, атаның дүниялары қайда дегенде мұражайдың сол кездегі директоры Ғазиз Әмірханұлы Гүлнар Міржақыпқызына төрт рет барып, асыл азаматтың мұрасын жинауға барын салды. Гүлнар апамыз бізге 106 алаш қайраткерінің фотосуреті мен қаламгердің тұтынған заттарын берді, – деді Жанкелдин мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей.

Сондай-ақ «Бақытсыз Жамал» романының 1914 жылы Қазаннан шыққан 2-ші баспасының түпнұсқасы да музейге табысталыпты. Міржақып атамыздың жұбайы Ғайнижамалдың төркінінен келген жиһаздардың бір легі музей төріне орнатылған. Бұл жәдігерлерді 1991 жылы әкелген. Аталған заттар алпыс жыл Мәскеуде сақталып, 32 жылдан бері Торғайдағы музейде тұр. Міржақыптың 14 жыл бойы жамылған атлас көрпесі, отбасымен тамақтанған ас үстелі, кітап салған тумбасы, қол жуғышы, сүлгісі, алаштың құпия белгісі сияқты 120-ға тарта экспонат келген.

1989 жылы Міржақып Дулатовтың сүйегі Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатовның бастамасымен, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, белгілі кино-режиссер Халила Омаров, танымал журналист Қайсар Әлім және өзге де адамдардың қатысумен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерленген. Карелия еліндегі қабірдің ішінен алынған топырақты Гүлнар апамыз 98 жасында дүниеден озғанға дейін өзінің жастығының астына жастанып жатқан. Өмірден озған соң апамыздың аманаты бойынша топырақтың жартысын Гүлнар Міржақыпқызының қабірінің ішіне сеуіп, қалғанын Торғайдағы мұражайға жеткізді. Бұл жәдігер мұражайдың қазіргі басшысы Гүлбану Сәрсекейдің қолына 2018 жылы тиеді. Міржақып атамыздың сүйегі қазір Жанкелдин ауданы Қызбел (Бидайықта) ауылындағы кесенеде жатыр.

Биылғы жыл ерекше. Әкелі-балалардың мерейтойлары. Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл болса, қызы Гүлнар Дулатованың туғанына 110 жыл.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ