«Мерекелік сый-құрмет» акциясы аясында облыстық «Қостанай таңы» газеті зейнеткерлерінің кезекті легі құттықталды. Атап айтқанда, танымал заңгер, «Отбасы help» фронт-кеңсесінің басшысы, сот орындаушылардың өңірлік палатасының төрайымы Несібелі Бәсенова редакцияға көп жыл еңбек сіңірген аға буын өкілдеріне сый-сияпат табыс етті.
Өңірдегі қазақ баспасөзінің бас отауы – облыстық «Қостанай таңы» газетінің дамуына еселі үлес қосқан қаламы жүйрік жазушы, тәжірибелі журналистердің бірі де бірегейі – Жайберген Арзымбетұлы Болатов. Ол сонау 1976 жылдан 2000 жылға дейін ата-басылымда журналист болып қызмет етті. Бұдан соң қалалық «Қостанай» газеті редакторының орынбасары лауазымын атқарып, 2004 жылы «Қостанай таңына» бас редактор болып оралды. Жалпылай алғанда, осы газетте 38 жыл еңбек еткен. 2014 жылы құрметті демалысқа шыққан. Осы үнпарақта жұмыс істеп жүріп, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі атанды. Басылымда өшпес қолтаңбасы қалған ардақты Жайберген Арзымбетұлына құрмет көрсетіліп, тарту-таралғы табыс етіліп, лебіз-тілектер айтылды.
Несібелі ханым құттықтаған тағы бір қадірлі зейнеткеріміз – Майра апа Аппазова. Бұл кісі газетімізде 40 жыл бойы қызмет еткен. Телетайп техникасының білгірі, басқаша айтқанда электромеханикалық баспа машинасының тізгінінде отырған. Айта кетейік, мұндай құрылғы мәтіндік хабарламаларды кабель арқылы жіберу үшін қолданылған. Апамызбен қызметтес болған жандардың айтуынша, жауаптылық пен сауаттылықты талап ететін осы бір мамандық иесі кезінде өз қызметін мінсіз атқарған көрінеді. Майра апа Наурыз мейрамы қарсаңында демеушіміздің қолынан сыйлық алып, айрықша ардақталып отыр.
Мұның сыртында, Несібелі Бәсенова газетімізде он жылдан астам уақыт курьер болып жұмыс істеген Сәуле апа Байдағұловаға да сыйлық тағайындаған. Тиесілі марапаты апамызға міндетті түрде жеткізілетін болады.
Құрметті зейнеткерлерімізді құттықтау науқаны әлі жалғасып жатыр. Акцияның басты қолдаушысы – облыстық Әйелдер күштері альянсы.
Видеоны түсірген Әсел ҚИБАШ