Бұл туралы Ахаң атындағы университеттің Филилогия және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі Алмасбек Әбсадық Қостанайдағы Жайлаубай ата мешітінде өткен ғылыми конференцияда баяндады.
Ағартушы ұстаз Ахаңның жолы – алаштың жолы. Ол жол қандай болды десек біртуар тұлғаның жүріп өткен жолыннан осы Алаштың із шығады деген пікірде екенін байқатты.
Көтерілген мәселенің деректік мәні терең болғандықтан ғалымның баяндамасын толығырақ беруді жөн көрдік.
БЕЙМӘЛІМ КЕЗЕҢ
Ахмет Байтұрсынұлының Торғай облысы Қостанай уезінің ауылдық мектептеріндегі және уезд орталығы Қостанай қаласындағы мұғалімдік қызметі – оның ағартушылық ғұмырнамасында өте аз зерттелген кезеңдердің бірі. Ағартушының аталған өлкеге нақты қай жылдары қызмет жасауға келгендігі және қай жылы «Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып» (М. Әуезов), Омбы қаласына қоныс аударғаны ғылыми ортаға және жұртшылыққа соңғы жылдарға дейін беймәлім болып келді.
Ағартушы ғұмырнамасына қатысты дүйім жұртқа белгілі болып келген алғашқы деректер өткен ғасырдың 20-жылдары ағартушының замандастары мен шәкірттері тарапынан жарияланды. Онда А. Байтұрсынов Қостанай уезіндегі Әулиекөл болыстық мектебінде біршама уақыт жұмыс жасағаннан кейін Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне ауысқаны, одан әрі Омбыға аттанғаны туралы ақпараттар орын алды. Ал оның Әулиекөл болыстық мектебінен кейін Меңдіғара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебінде жасағаны мүлдем белгісіз болса, Қостанай педагогикалық сыныбында мұғалім болғандығы туралы деректер өте мардымсыз күйде жетті.
М.Әуезовтің «…Қостанай уезіндегі Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласы …» деген ақпараты – аталған ауыс-түйіске байланысты туындаған дерек. Бұл жерде «екінші рет, үшінші рет ауысып барған» деген ақпаратты бір-бірлеп санамаланған реттік сан деп санау қажет. Бұл сан есімдік мағына кісінің бір жерге қайта келгенін білдіретін ұғымда емес. Егер оны сол ұғымда қарайтын болсақ, онда ол Қостанайға үшінші мәрте келген болып шығады. Ал негізінде ол мәтіннің нақты ақпараттық мәні мынадай: А.Байтұрсынұлының Бестамақтан кейінгі екінші ауыстырған қызмет орны – Әулиекөл болыстық мектебі, үшінші ауыстырғаны – Қостанай мектебі. Бірақ оның қай жылы Қостанайға ауысқанын нақты белгісіз.
Редакциядан. Материалдың толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар. Ғалымның Ахмет Байтұрсынұлы туралы мәліметтерін «Серт» (2022 ж.), «Алаш жолы және А.Байтұрсынұлы» атты зерттеу еңбектерінен көруге болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА