29 мая, 2025
Әжетайым – мақтанышым!

Әжетайым – мақтанышым!

Әжесі бар немере уайымның не екенін білмей өседі. Себебі «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген нақыл бар. Мен әжемнің барына қуанамын. Ауылға барғанда құрақ ұшып алдымнан шығады. Сарайға сақтағанын қазанға салып, сандыққа жинағанын дорбалап береді.

Менің әжем Жанкелдин ауданы Сужарған ауылының тұрғыны. Ахметбекова Қазина Оразбайқызы. Бұрынғы Қошалақ қауымдастығына қарасты Тұз ауылында 1947 жылы 9 мамырда қарапайым отбасында дүниеге келген. Биыл әжем 78 жасқа толады. Ата-анасынан жастайынан айырылып, тағдырдың тауқыметін тартқан жан. Өмірдің бұралаң жолдарынан жүріп өтіп, қиындықты еңсере білді. Алланың жазуымен атам Ниязбекпен отау құрып, жаңа өмірге қадам басты. 10 бала тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда әжем 17 немере, 5 шөбере сүйіп, бақытқа бөленіп отыр. «Алтын алқа» иегері. Атамның дүниеден өткеніне 16 жыл болды. Әжем «Аналық парызын орындай жүріп, әкелік міндетті арқалап келеді». Алланың берген күш-қуатының арқасында қара шаңырақтың тірегі болып, ақыл мен парасатын ұрпағының санасына сіңіруде. Біз әжемізбен мақтана аламыз. Әжеме ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық берсін деп күнде жатар алдында Алладан тілеймін. Бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады.    «Ең бастысы, адамгершілік қасиет керек. Кішіпейіл, жанашыр, қамқор болған адам өмірде мол бақытқа кенеледі. Кісіге қастандық қылғанның өмірі қара түнекпен бірдей. Қолыңнан келгенше қайырымдылық жасауға тырыс. Еш уақытта «жоқ» деп айтпа. Алланың берген несібесі бар. Жамандық атаулыға жолама. Жақсылықтың жаршысы болғың келсе, адамдық асыл қасиетіңді қастерлей біл», — дейді әжем.

Әжемнің айтқан әрбір кеңесін санама сіңіріп келемін. Менің әрбір жетістігіме қуанып отыратын әжемнің барына шүкір. Менің мәңгілік мақтанышым – ардақты әжем. Облыстық «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырып отырған «Менің мақтанышым» атты облыстық эссе байқауына үміткер ретінде қатысып отырмын. Осы сәтті пайдаланып, алда келе жатқан халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында барлық әжелер мен аналарды шын жүректен құттықтаймын. Әлемнің сегізінші кереметі болып саналатын асыл жандар аман болсын.

Мен үшін әжемнің орны бөлек. Ол кісінің деніне саулық, басына амандық тілеймін. Сексен жастың сеңгіріне шығып, тоқсан жаста тоқтамай, жүз жетіп, ғасыр тойын көруді пешенесіне нәсіп қылсын.

                                                                Таңжарық НИЯЗБЕК,

                                                Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім  

                                                беретін мектептің 9-сынып оқушысы,

                                                                 Жанкелдин аудан