Республика күні қарсаңында Астана қаласында өткен байқаудың марапаттау рәсімінде Әулиекөл ауданынан қатысқан Эгамбердиевтер отбасы жеңімпаз атанып, зор құрметке ие болды.
Бұл қуанышты жаңалықты Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Жұматай Кәкімжанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, облыс мәртебесін көтерген отбасын құттықтады.
«Отбасылық құндылықтарды дәріптеу – ұлттың рухани дамуының негізгі тетігі. Бұл бағыттағы жарқын бастамалардың бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Жерлестеріміздің бұл жетістігі – сүйіспеншілік пен сыйластыққа, бірлік пен берекеге негізделген үлгілі отбасы бола білгенінің дәлелі. Олардың жеңісі – ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Эгамбердиевтер отбасына зор денсаулық, мол бақыт, отбасы амандығы мен жарқын болашақ тілейміз!» – деп жазды Жұматай Кәкімжанов.
