Әулиекөл ауданының диқандары көктемгі егіске сақадай сай

Әулиекөл ауданының диқандары көктемгі егіске сақадай сай

Егін өсіріп, мал баққан ағайын жыл он екі ай бойы дамыл таппайды. Әсіресе, диқандар қауымының жұмысы қауырт. Ала жаздай алқапта жүрсе, қара күзден бастап келесі жылдың қамына кіріседі. Бұл жылдағы дағды.  Қолдағы  бар техникасын сайлайды,  жөндеп-жасқайды. Пар өңдейді. Ылғал жабады. Әйтеуір, қарбалас шақтың қайтарымы мол болатындығына шаруа баққан жанның сенімі зор.

Әулиекөл ауданындағы “Әулие би – 1” ЖШС шаруашылығының бүкіл техникасы дала жұмыстарына дайын. Қыс бойы барлық техниканы жөндеп, май-суын ауыстырды. Енді бірер күннен кейін шаруалар ылғал жабуға кіріседі.

Бүгінде серіктестіктің еншісінде он бес К-700, сегіз “Беларусь” тракторы, бірнеше комбайн бар. Өткен жылы екі “Есіл 760” комбайынын сатып алған. Биыл  да лизингке  үш “Кировец”, екі “Акрос” комбайынын  алды. Олардың орағының өзі 12 метрден кем емес. Қысқасы, шаруашылықтың машина-трактор паркі түгел жаңартылған.  Өйткені, бұрынғы ескі-құсқы техникамен қазір жұмыс істеу мүмкін емес. Жиі бұзылады. Жұмыс өнімділігі аз. Сондықтан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мүмкіндігінше жаңа тракторлар  алуға мүдделі.

-Жұмысты өндіртіп істеу үшін ең алдымен техникаң жаңа болуы керек. Сосын қарапайым еңбек адамына жағдай жасалуы тиіс. Олар күн ұзаққа далада, шаңы бұрқыраған алқапта жүреді. Ертең  күн ысиды. Мына трактор, комбайндардың кабинасында кондиционер орнатылған. Компьютермен басқарылады. ыңғайлы,-дейді “Әулие би-1” ЖШС директорының орынбасары Әділхан Мұстафаев.

Шаруашылықтың машина-трактор паркінде кілең су жаңа тракторлар сап түзеген. Механизаторлар да  осында. Өздеріне бекітілген техникалардың майын ауыстырып, кейбірін қыздырып алдағы күнге әзірлігін пысықтап алмақ. Ұжымдағы мақтаулы механизаторлардың бірі Қуанышбай Сейденов шаруашылықта отыз жылдан артық еңбек етеді. Жастайынан трактор руліне отырған ол әлі күнге дейін әріптестеріне үлгі. Жұмысқа тиянақты. Өзіне міндеттелген тапсырманы артығымен орындауды әдетке айналдырған.

-Мұндағы жігіттердің бәрі шетінен еңбекқор. Әркім өз жұмысын біледі. Отыз жылдан бері осы шаруашылықта жұмыс істеймін. Серіктестік  басшысы еңбегімізді еш етіп көрген емес. Күндік нормадан артық жұмыс істесек, қосымша ақысын төлейді. Техниканы түгел жаңартты. Тек біз істеуін білейік. Қай жерде болсын, адал еңбек етсең, жақсы табыс табуға болады. Менің жасым қазір 55-те. Өзіңнен кейінгілерге бірдеңе үйреткің келеді. Өкінішке қарай, кейінгі жастар техникаға жоламайды. Ауыр еңбектен қашатын шығар. Негізі, жұмыстың ауыр,жеңілі болмайды. Егін екпесең, нан қайда? Жастар осыны түсінсе екен,-дейді кәнігі механизатор.

“Әулие би-1” ЖШС биыл  12 мың гектарға дән сіңірмек. Оның 10 мыңнан астам гектарына  бидай себеді. Қалғаны  арпа, сұлы, житняк сияқты маз азығының еншісінде. Өткен жылы шаруашылық әр гектардан 14 центнерден өнім жинап алды. Жаман көрсеткіш емес. Серіктестік басшылары биыл да күн райы қолайлы болса,  егін  бітік шығарына сенімді. Өйткені, шаруашылық озық технологияға жүгінеді. Парға қалдырылған жердің өзін үш-төрт рет өңдейді. Егіс алқаптарын түрлі минералдық тыңайтқышпен байытып отырады.

-Оның сыртында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргіземіз. Енді бір-екі күнде механизаторлар жаппай ылғал жабуға кіріседі. “Баптай білсең, жер-жомарт” дегенді халқымыз тегін айтпаған, жермен жұмыс істей білсең, ол өнімін аямайды. Тек, ауа-райы тосын мінез танытпаса болғаны. Қалғаны  өз қолымызда,-дейді Әділхан Мұстафаев.

Науқандық жұмыстар үшін шаруашылыққа 150 тоннадай жанар-жағар май қажет. Оған серіктестік басшылары ертерек тапсырыс беріп қойған. Биыл мемлекеттен бөлінген жеңілдетілген дизельдік отынның әр литріне  223 теңге белгіленді.Әділхан Мұстафаевтың айтуынша, жанар-жағар майдың алдың легі шаруашылыққа әкелінген. Ол бастапқы жұмыстарға жеткілікті.

Жалпы,  көктемгі дала жұмыстары үшін облысқа 73 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Оның тең жартысынан астамы шаруашылықтарға жеткізілді.  Көктемгі егіске 22 мыңнан астам трактор қатыстырылады. Оның ішінде 1210-ы жоғары өнімді егіс кешені. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша,дала жұмыстарының алдында “Аграрлық-кредиттік корпорациясы” АҚ-ына облыс тауар өндірушілерінен 440 өтінім беріліп, оларға 30 млрд теңгеден астам несие  төленген. Мұның сыртында  астықты өңірге “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы форфардтық сатып алу негізінде  7,2 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі таңда соның 6,3 млрд теңгесі шаруалардың қолына тиді. Қоймада 514 мың тонна тұқым бар.  Айта кету керек, үстіміздегі жылы облыс диқандары барлығы 4 млн 960 мың гектарға дән сіңіреді. Оның 750 мың гектарына майлы дақылдар себілмек. Өңірде егін егу жұмыстары 10 мамырда басталады.

Әлібек Ыбырай.

                                                                                                                            Әулиекөл ауданы.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу