Әулиекөл ауданына қарасты Новоселов ауылында су, жол, интернет жоқ

Әулиекөл ауданына қарасты Новоселов ауылында су, жол, интернет жоқ

Әулиекөл ауданына қарасты Новоселов ауылында 500-ге тарта тұрғын бар. Ауыл тұрғындарын күнделікті өмірге қажетті жол, су, интернет мәселесі толғандырады. Ауылдықтармен облыс әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына барған іссапарында кездесу өткізіп, толғандырған проблемаларға ден қойды.

Жалпы, Әулиекөл ауданын дамыту үшін биыл ауқымды жұмыс қолға алынады. Бюджеттен осы мақсатқа 5,4 млрд теңге қарастырылған. Оның 2 млрд теңгеден астамы газбен қамтуға, 1,4 млрд теңгесі білім саласына, жаңа мектеп құрылысына жұмсалады. Қалған қаражат жол мен жарықтандыруға бөлінген. Сонымен қатар, 1,3 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы жұмыс орындарын ашу көзделген. Бұл туралы Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов есеп бере кетті.

Ауданда қордаланған мәселе жетерлік. Мысалы, жол қыста қардан аршылмайды, көктем болса су басады. Ауыз су ауылдықтарды әбден титықтап біткен. Ауылда бірнеше құдық болса да соның біреуі ғана ішуге жарамды. Ал, интернеттің жоқтығы күнделікті өмірге де, мамандарға да жұмыс істеуге кедергісін келтіріп отыр.

– Мен осы ауылда еңбек етемін, Мамандығым – фельдшер. Ауылдықтар жаны қысылғанда телефон шалып, көмек сұрай алмайды. Себебі, байланыс жоқ. Бұл бір менің ғана емес, барша ауыл тұрғындарын алаңдатады. Мектептің де тозығы жетті, – деп ойын білдірді ауыл тұрғындары.

Құмар Ақсақалов әр мәселені тыңдап, шешімі болатынын айтты. Ол мақсатта жоспарлы түрде қаражат бөлінген. Ауылдардағы шаруашылық серіктестіктері елге барынша көмек беру тиісті екенін жеткізді.

 

Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.

 

Жаңалықтармен бөлісу