Таяуда Тобыл қаласында 3 жасар баланы питбуль қауып алғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бетінің сау-тамтығы қалмаған сәби облыстық балалар ауруханасына ауыр хәлде жеткізілді.
Баланы талаған итің иесі анықталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 114-бабы ” Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы бапқа сәйкес сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылған», – дейді Қостанай облысы Полиция департаменті баспасөз бөлімінің басшысы Карина Базарбаева.
«Қыз бала ауыр хәлде түсті. Еріні, беті жыртылып кеткен. Шұғыл операция жасалды. Бала жансақтау бөлімінде бірнеше күн болды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Бала белсенді, жүгіріп ойнайды, тамақ ішеді. Тігістерін жіті бақылап отырмыз. Қабыну белгілері жоқ», – дейді медициналық мекеме.
Айта кету керек, статистикаға сәйкес Қостанай облысында итке талану фактілері көп тіркелуде. Жыл басынан бері 600-ге жуық адам антирабиялық екпе алған.
Әсел ҚИБАШ.