Атом электр станциясы (АЭС) құрылысы бойынша референдумға дайындық аясында облыстық штаб мүшелері Серік Бектұрғанов пен Жанар Куйшинова «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қостанай» магистральды газ құбырлары басқармасы ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан Серік Бектұрғанов жобаның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті:
«АЭС құрылысы – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды жобасы. Бұл бізге көмірсутек көздеріне тәуелділікті азайтып қана қоймай, ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Серік Бектұрғанов.
Жанар Куйшинова жобаның елдің тұрақты дамуына бағытталғанын айтты:
«Атом электр станциясы ғылым, технология және білім беруді дамытуға күшті серпін береді. Бұл Қазақстан үшін озық инновацияларды енгізудің мүмкіндігі, және бұл біздің болашағымыз үшін маңызды», – деді Жанар Куйшинова.
Кездесу барысында қатысушылар жоба құны, құрылыс мерзімі және оны кім жүзеге асыратыны туралы сұрақтар қойды. Серік Бектұрғанов:
«Жобаны қаржыландыру барынша ашық түрде, мемлекет үшін ең үлкен пайдамен жүзеге асырылады. Соңғы құны барлық егжей-тегжейлер мен серіктестік келісімдер нақтыланған кезде анық болады»,– деп жауап берді.
Құрылыс мерзіміне қатысты Жанар Куйшинова :
«АЭС құрылысы 10 жылдан аса уақытты алады, бірақ жобаның ауқымды екендігін ескере отырып, нақты мерзімдерді айту қиын. Әр кезеңде мұқият жоспарлау қажет», – деп түсіндірді.
Станцияны кім салады деген сұраққа Серік Бектұрғанов :
«Қазіргі уақытта жобаға 4 мемлекет қызығушылық танытты, бірақ нақты кім құрылыс жүргізетіндігі әлі анықталған жоқ. Қазір басты мәселе – халық АЭС құрылысымен келісетін-келісбейтінін анықтау, және бұл шешім алдағы референдумда қабылданады», – деп жауап берді.
Штаб мүшелері АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздікке және тұрақты болашаққа қарай жасалған маңызды қадам екенін атап өтті, ал қауіпсіздік пен экологиялық тәуекелдер халықаралық стандарттарға сай қатаң бақыланатын болады.