Қостанай аудандық сотында жалған ақпарат таратты деп айыпталған азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралды. Ол WhatsApp қосымшасындағы туыстар тобына Қаратомар су қоймасына қатысты дыбыстық хабарлама жіберген.
Бақытжан Нұрбаевқа ҚР ӘҚБтК 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша (қоғамдық тәртіпті, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы) айып тағылған еді.
Ол өзінің жіберген аудиожазбасында Қаратомар су қоймасында жарықша пайда болғаны, енді Қостанай мен Тобыл қаласының тұрғындарын эвакуациялайтыны жайлы айтады. Сондай-ақ, су қоймасының жанына адамдар жинап жатқанын және Ресейдің Қорған өңірі толық суға кетеді деген.
“Аудиожазба менің дауысым екенін растаймын. Бірақ, ол жазбаны мен құрамында 15 адам бар туыстар тобына жібердім. Ол топтан тарап кететіні жайлы ойламадым. Шамасы біреу жазбамды бөліскен. Мен бар болғаны сақтық үшін өзімдегі ақпаратты бөліскім келді. Өйткені, көп туыстарым Қорғанда тұрады. Үрей тудырғаным үшін кешірім сұраймын”, – деді Б.Нұрбаев.
Сот істі толық қарап, онда әкімшілік құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарды.
“Сот істі қарау барысында Нұрбаевтың онлайн-платформаларда ақпаратты орналастыру дерегі расталмағанын анықтады. Полиция бөлімі берген дерекке сай, Нұрбаев дыбыстық хабарламаны WhatsApp қосымшасы арқылы құрамында 15 адам бар туыстар тобына жіберген. Ал дыбыстық хабарламаны интернетке кім таратқаны жайлы сотқа дәлел ұсынылған жоқ. Нұрбаевтың өзі бұл хабарламаны интернетте таратқаны туралы да дәлел жоқ. Сол себепті, сот Нұрбаевқа қатысты әкімшілік істі тоқтату туралы шешім шығарды”, – деді сот.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор