«Әрбір азаматқа – құқықтық көмек» республикалық акциясы Қостанайда жалғасын тапты

«Әрбір азаматқа – құқықтық көмек» республикалық акциясы Қостанайда жалғасын тапты

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай елімізде «Әрбір азаматқа – құқықтық көмек» атты республикалық акция ұйымдастырылып жатыр. Бұл іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында жүзеге асырылып, халықтың құқықтық сауатын арттыруды мақсат етеді.

Аталған акция Қостанай облысында да өз жалғасын тапты. Облыстық нотариалдық палата халыққа тегін құқықтық кеңес беру шарасын ұйымдастырып, қала тұрғындарына заңдық көмекті қолжетімді етті. Акция аясында нотариустар мен заңгерлер таңертеңнен кешке дейін тұрғындарды қабылдап, түрлі құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді. Олардың қатарында алимент, зейнеткерлік, нотариалдық іс-әрекеттер және құқықтық құжаттарды рәсімдеу секілді кең көлемді сұрақтар болды. Халықтың бұл акцияға белсенді қатысқаны байқалды.

 Қала тұрғыны Гүлназ Жүсіпова осы акцияға алимент төлеу мәселесі бойынша кеңес алғанын айтады.

«Әр адамның қиын жағдайда қорғаушы жалдауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан осындай тегін кеңестің берілгеніне ризамын. Өзіме қатысты маңызды сұрақтар бойынша нақты әрі пайдалы ақпарат алдым», – дейді ол.

Гүлназ ханымның айтуынша, заң бойынша алимент балаларға 18 жасқа дейін төленеді. Алайда, оны баланың ары қарай оқуын жалғастыруына байланысты алимент төлеу жалғасуы мүмкін бе деген сұрақ толғандырып келген еді. Екіншіден баланың әкесі еңбекке жарамсыз болған жағдайда қандай көлемде материалдық көмек көрсетілуі тиіс деген мәселені де көтеріп келді.

Тағы бір қала тұрғыны Ерболат Мырзатаев құқықтық кеңеске арнайы өз болашағына қатысты сұрақпен жүгінді. Ерболат – ішкі істер органдарында 25 жыл еңбек еткен ардагер. Бүгінде зейнетке шыққаннан кейін нотариус болуды жоспарлап отыр.

«Бұл шаруамен айналыса бастағаныма біраз уақыт болды. Арнайы емтихан тапсырып, тестілеуден өттім. 100 сұрақтың 70-тен астамына дұрыс жауап беріп, лицензиясын алдым. Енді қажетті құжаттарды жинап, шешім күтіп отырмын», – дейді Ерболат Мырзатаев.

Қостанай қаласындағы жеке сот орындаушысы Бауыржан Есмұхамбетов те акцияға қатысып, өзінің кәсіби мәселесін ортаға салды. Ол шағын несие ұйымы берген тапсырысты орындау барысында ескі заңдық құжаттарды іздестіруде қиындыққа тап болғанын айтады.

«Борышкермен байланысты іс осыдан төрт жыл бұрын қозғалған. Сол кезде рәсімделген құжаттарды  заңдастырған нотариустің қызметінен шығып кеткенін білдім. Қажетті құжаттарды табу – істің әрі қарай жылжуына ықпал етеді. Осы мәселе бойынша кеңес алдым», – дейді ол.

Облыстық нотариалдық палата төрағасы Азамат Баекин мұндай мәселелердің жиі орын алатынын айта келе, олардың басты себебін нақтылап берді:

blank

«Қазір тұрғындардың көпшілігі тіркеуде көрсетілген мекенжайы бойынша тұрмайды. Қарыз беруші мекеме борышкерге құжаттарды сол тіркелген мекенжайына жолдайды. Бірақ адам басқа жерде тұратын болса, ол хабарламаны ала алмайды. Бұл – құжаттардың жоғалуына, іс жүргізудің кешігуіне себеп. Сондықтан азаматтар өздерінің нақты тұрғылықты жерін дер кезінде тіркеп отыруы тиіс», – дейді Азамат Баекин.

Азамат Баекиннің айтуынша, мұндай акциялар ел азаматтарының құқықтық мәдениетін көтеруге және заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұл республикалық шара – Ата Заңымыздың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Халықтың заңды білуі, өз құқықтарын қорғауды меңгеруі – еліміздегі құқықтық мемлекет қағидаларын нығайтудың негізгі жолы. Әр азаматқа тегін құқықтық көмек көрсету арқылы қоғамдағы әділеттілікке үлес қосу заң өкілдерінің айнымас қағидасы.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Раушан Азаматқызы