Сарыкөл ауданының тұрғындары таңғы сағат 7:00-ден бастап сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.
Аумақтық орталық сайлау комиссиясы төрайымы Гүлшат Жұбанованың мәліметінше, аудан бойынша 33 учаске орналасқан. Ондағы сайлаушылар саны – 12 387 адам.
Таңғы сағат 7:00-ден бастап сарыкөлдіктер сайлауға білек сыбана кірісті. №668 сайлау учаскесінде ең бірінші болып Алдоңғар Дошанова дауыс беріп, алғашқы келгені үшін арнайы сыйлыққа ие болды.
– ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысу мен үшін үлкен жауапкершілік. Еліміздің әр азаматы осындай жауапкершілікті сезінуге тиіс. Себебі, бүгінгі сайлау еліміз үшін маңызды саяси шешім қабылданатын сәт. Ұйымдастырушыларға көңіл бөліп, сыйлық сыйлап жатқаны үшін алғыс айтамын. Мен үшін тосынсый болды, – дейді сайлаушы Алдоңғар Здайқызы.
Сонымен қатар, №669 сайлау учаскесінде аудан әкімі Амантай Балғарин алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
– Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн. Тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы үшін өз таңдауымызды жасап жатырмыз, – деді аудан әкімі.
Жалпы, бүгін учаскелерде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.
Сарман АЛДИЯР
Сарыкөл ауданы