Қазір қай өңірде де медицина саласының маманы тапшы. Бұл жағдай әсіресе, аудан-қалаларда ерекше байқалады. Оның шешімі – мамандарға айрықша жағдай жасау, зор мүмкіншілік беру. Бұл туралы Лисаков қаласына барған сапарымызда ұзақ жыл медицина саласында қызмет етіп келе жатқан кәсіби маман, қалалық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Аленова әңгімелеп берген еді.
– Қарлығаш Қаратайқызы, Сіз басшылық етіп отырған мекемеге үлкен міндет – ұрпақ саулығын сақтау жүктеліп отыр. Қалалық аурухананың мүмкіндіктері, тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз.
– Жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін көрсету жыл сайын артып келеді. Биыл мекемемізде «Siemens SOMATOM» компаниясы шығарған компьютерлік томография аппараты орнатылды. Оны бізге Денсаулық сақтау министрлігі сыйға тартты. Дене мүшелерінің ұсақ тіндеріне дейін айқын суретке түсіреді.
Бірқатар денсаулық сақтау мекемесінде қызмет істедім, көп жерлерде болдым. Мен барлық мекеменің жалақысы, көтермеақысы бірдей деп ойлаушы едім. Олай емес екен. Мәселен, Қостанай қаласында басқаша. Ал, емдеу мекемесінде дәрігерлерге берілетін жалдамалы пәтер ақысы толық төленеді. Олар тек коммуналдық ақысын ғана төлейді. Аурухананың балансында 24 пәтер бар. Тоғызын бізге жергілікті әкімдік берді. Қазір 33 дәрігер жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Оның сыртында алты дәрігер үй жалдап тұрады. Олардың да пәтерақысын біздің емхана өтейді. Лисаков қаласында дәрігер мамандарға жағдай жасалған. Қалалық әкімдік он екі пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізіп жатыр. Алдағы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында пәтер кілттері табыс етіледі.
– Аурухананың қазіргі кадрлық әлеуеті, яғни дәрігерлердің мүмкіндігі қандай? Әкелініп жатқан заманауи технология «тілін» жетік білетін мамандар жеткілікті ме?
– Биыл емделушілер жататын керуеттерді толықтай жаңаладық. 106 төсек болса, оның алтауы жансақтау бөлімінікі. Ағаш емес, медициналық керуеттерге 100% ауысты. Біз өткен жылы экспорт санатындағы ультрадыбыстық аппараттарды сатып алдық, флюорографияны жаңаладық. Жаңа рентген аппаратын алдық. Ал, биыл маммография аппаратын күтіп отырмыз. Биыл «С-дуга» рентген аппараты сатып алынады. Жаңа жабдық толығырақ зерттеуге және үш өлшемді реконструкцияны жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар операция кезінде пациенттің қауіпсіздігін бақылауды арттырады. Осыдан екі жыл бұрын екі травматологты жұмысқа алдым. Олар өздері ота жасайды. Осы екі маман мамыр-маусым айларында Астанадағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына кезекпен айлық оқуға жіберіледі. Олар жаңа қондырғымен жұмыс істейтін болады. Яғни, арка тәрізді стендтің бір шетінде рентгендік түтік болса, екінші жағында рентгендік кескінді күшейткіш бар. Мобильді рентген аппараты хирургиялық араласулар кезінде зерттелетін анатомиялық мүшелердің сапалы визуализациясын қамтамасыз етуге, операциялық бөлмедегі пациенттерге ең аз сәулелену дозасымен үздіксіз импульстік флюорографияны жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл аппараттың арқасында біз сүйек сынықтарының дұрыс салынғанын байқаймыз.
– Бұл құрылғы заманауи ма?
– Иә, заманауи құрылғы. Аталмыш құрылғы өкпе және сүйек буын патологиясы мен сынықты анықтау мақсатында қолданылады. Пациенттерге өте қолайлы, артық қозғалыстың қажеті жоқ. Онда тексеру жұмысы сандық өлшемде өтеді, тиісті позицияны өзіміз таңдаймыз. Жарақат алып келген пациент тікелей рентгенге түседі, айталық, олар жарақат алып, металл сым салған кезде, оның қисық не түзу салынғанын рентген бөлмесіне бірнеше рет апармай-ақ, бірден көрсетеді.
Травматологияда жоспарлы және шұғыл түрде оталар жасалады. Ал С-дуга құрылғысы барлық травматологиялық операция үшін қолданылады. Негізінде біз сүйек сынықтарын таңу, қажет болған жағдайда оларды жою, сондай-ақ орын ауыстырулар болса, ұсақ кесулермен пункциялар жасау, қажет жерде сүйекті бұрғылау, таяқшаны енгізу үшін арнаны ашу сынды аз инвазивті операцияларды істейді. Мұның барлығы С-дугада жасалады. Себебі аталған құрылғы арқылы сүйек құрылымдарын, ондағы жарақаттарды көру оңай және сынықты емдеуді жеңілдетеді.
– Дәрігер іздеудің қажеті жоқ қой.
– Кадр тапшылығын болдырмауға және мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, жас мамандарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтемдік оқыту, тұрғын үй беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Екі жылдың ішінде Лисаков қаласына 32 дәрігер келді. Тапшы мамандардың орны толды. Бұл үлкен жетістік. Осыдан екі жыл бұрын біздің мекеме 16 дәрігермен толықты. Былтыр 12 маман келді. Биыл тағы 6 дәрігерді жұмысқа қабылдадық.
Жуырда еліміздің алты өңірінде бос орындар жәрмеңкесі өтті. Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Алматының медицина жоғары оқу орынында болдым. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Қазақстан-Ресей институты, Шымкенттің екі медициналық жоғары оқу орындарында болып, мамандармен жолықтым. Біздің ауруханаға жұмысқа келген маман 500 мың теңгеден миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы алады. Келгендердің барлығына жалдамалы баспана беріледі. Қазір дәрігерлердің жалақысы өте жоғары. Әлеуметтік жағдайын жасау қарастырылған.
Биыл УДЗ маманын, салауатты өмір салтын қалыптастырушы дәрігерді, Астанадан күндізгі стационарға терапевті жұмысқа қабылдадық. Астанаға Ресейден келген жоғары білікті кардиолог дәрігерді шақырттық. Оның көп жылғы жұмыс тәжірибесі мол. Оған үлкен үміт артамын. Алматыдан эндокринолог дәрігер келеді. Өйткені қазір эндокринологиялық, қалқанша безінің проблемалары, қант диабеті сияқты аурулар тым көбейіп кетті. Тіс дәрігері де қажетті маман. Өйткені штаттағы тіс дәрігері тек балалар және жүкті әйелдердің тісін қарайтын болса, зейнеткерлер, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелері, мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары қалыс қалып жатыр. Оларға да стоматологиялық көмек қажет. Бұл мәселе шешімін тапты. Шұғыл стоматологиялық көмек – бұл тіс жұлу және тағы басқа түрлері жатады. Бұл қызмет түрін қолжетімді ету үшін дәрігерлердің санын едәуір арттырдық. Тағы бір стоматологиялық кабинет қажет. Алдағы жылы жаңа стоматологиялық қондырғы сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Биыл маммография қондырғысын алдырдық. Жақында Шымкенттен маммолог маман келеді деп күтіп отырмыз. Кейбірі зейнеткерлік жаста. Сондықтан жас мамандар, лор дәрігері, инфекционист, нарколог маманы керек. Психиатр-нарколог бар, бірақ қалада есепте тұрғандар саны көп, бір өзі қарап үлгермейді.
– Әлі де қандай мамандар жетіспейді?
– Медицина күн сайын дамып отыр. Кадр тапшылығы шешілді деп айтуға болады. Біздің ауруханада маман тапшылығы 94% құрайды, егер санаулы маманның орнын толтырсақ, 100% болады. Бұл емдеу мекемесінде арнайы метадон кабинеті бар. Қостанай облысы бойынша барлығы 3 кабинет болса, соның бірі Лисаковта. Айтып өткенімдей, есепте тұрған есірткіге еліккен, ішкілікке салынғандар бар. Бұл науқастарға қызмет көрсету үшін бізге жеке нарколог қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Лисаков қаласы