Әншілікті жанына серік еткен торғайлық әмбебап өнерпаз туралы не білеміз?

Әншілікті жанына серік еткен торғайлық әмбебап өнерпаз туралы не білеміз?

Көмейіне бұлбұл ұя салған, Алла бойына қабілетті құя салған өнерпаз Оразбек Ғалымовтың есімі Тобыл-Торғай жеріне жақсы таныс. Бір әттеген-ай дейтіні, әншілік өнерімен тыңдарманының  алғысына бөленген тұлғаның өмірдегі жолы басқа еді…

            “Өнер жолында жүрмесем де өзімді сондай бақытты жанмын деп ойлаймын. Қазақтың біртуар ақын, қос перзенттері – Қайнекей Жармағамбетов, Серікбай Оспановтардың  кіндік қаны тамған  Балдай деген керемет қоныста дүниеге келдім. Ғафу Қайырбеков сүрлеуін салған Шұбалаң ауылында  балалық шағым  өтті. Жалпы, өнер маған атамнан дарыған деп ойлаймын. Кішкентайымнан ата-әжемнің бауырында өстім. Атамның есімі Ғабдолла, әжем аты Биғанша еді. Ол кісілер мені туған сәттен-ақ, бірер сағаттан кейін бауырларына басқан екен. Жеткіншек кезімде атам мені тізесіне алып, домбыра шертіп отыратын”, – дейді өнер иесі.

Бірақ ол кісі бұл өнерін көпшілікке көрсете қоймапты. Атасынан алғаш үйренген әні – «Молдабай». Пернесін бастырып, шегін баппен қақтырып үйретеді. Одан кейін туысқан ағасы Серікбай да өнер қонған жан. Той-томалақта ортаның сәнін келтіріп жүрген жақсы баяншы, мықты домбырашы болған. Концерттерге де көп қатысқан екен. Кейіпкеріміз осы туыс ағасынан көп дүние үйреніп, шабыттана түскен.

            “Мектеп табалдырығын аттағанда талабымды ұштаған мұғалімдер болды. Әсіресе, Бақытжан Қапанова  деген ұстазымды ерекше атар едім. Ол кісі  домбыра, баян, қобыз дейсің бе, кез келген аспапта ойнай беретін. Сол апайым, менің қабілетімді байқап, ең бірінші рет шыршада ән салғызғаны есімде. Мектеп қабырғасында небір үйірмелерге, небір концерттерге қатыстырды. Торғайда жыл сайын фестиваль өтетін, соған апарып жүрді. Одан жақсы жүлделер алып жүрдім. Кеңес заманында орысша ән айтатын адамдар беделдірек болатын еді ғой. Орыс тілінен сабақ берген апайым марқұм Қайнижамал Оразбаева орысша ән үйрететін”, – деп еске алады өнерпаз бала кезін.

Сөйтіп әскер қатарына да шақырылды. Взводта орысша ән айтып жүргенін естіген бөлімше командирі “тоқта!” деп бұған белгі берді…

– Кел, бері жақында, – сәл бөгеліп, – дегенмен, талабың бар жігіт екенсің, ертеңгі мерекелік концертте қазақша “Әлия” әнін шырқашы, – деді көздері бал-бұл жанып…

– Құп, болады!

“Қап, уәдені бекер берген жоқпын ба?” дейді екінші ойы. Содан келіп взводты басына көтерді. Қатарластары әлгі әннің сөзін іздестіріп әлек. Әйтеуір тапты-ау. Сахнада ән айтып болған мұның бәрі қолын алып жатыр. Осылайша, ауылдың қара домалақ баласы қазақтың құдіретті әнімен барлық ротаны тамсандырған еді…

Әскерден оралғанына ай өткен болатын. Ауызын ашса, жүрегі көрінетін жақын-жуық жеңгесі үйге сөйлеп кіріп келе жатыр:

– Уай, қайыным, сенікі не жатыс?! Саған тамаша қызмет тауып қойдым. Төркінім, Қонысжанды білесің, ол сені кабинетінде күтіп отыр, дереу жолық, – демесі бар ма. Арқалықтың төл басылымы “Торғай таңына” келіп жатыр деп ана бір жолы естігені бар. Өзіне жүргізуші іздеп жүргеніне де ай өтіпті. Бұл бірден келісімін береді.

            “Қоныс ағаның жанында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Бүгінде аңызға айналған махаббат әуендерінің сырлы тарихына қанықтым. Сол терең табиғаты бар сырлы сазды кейбір орындаушылардың бұзып айтып жүргенін талай көріп, өзіне де айттым. Ол кісі сондай жайсаң азамат еді, іштей терең күрсініп алып, “соны қайтесің” дегендей амалдың жоғын айтатын. Кейінгі кезде өнерпаз інілерімнің ішінде маған да: “ән жазып көрмедіңіз бе?!” деп қолқа салатындар бар. Қасиетті ән әлеміне ондай батылым барар емес”, – дейді Оразбек Ғалымов.

Түскі үзіліске сәл қалған. Бастығын күтіп, көлігін дайындап отырғаны сол еді хатшы хабарласты:

– Сізді бастық шақырып жатыр, – деді де трубканы қоя салды. “Әдеттегідей, қабылдау бөлмесіне шақыра бермеуші еді, не бүлдіріп қойдым екен” деп әбден мазасы кетті… Алайда кабинеттегі аура ол ойлағандай болмай шықты. Қоныс ағасы келген кісіге ерекше қонақжайлық танытып отыр екен. Қонақ та бұл туралы көп нәрсені білетін тәрізді. “Осы жігіт пе дегендей, бұған отты көздерін қадай түсті.

– Ағаңа сен туралы айтып бәрін түсіндірдім. Енді өздеріңіз келісе жатырсыздар,– деді.

Сөйтсе, Қоныс ағасы әлгі дөкейге бірнеше жыл бұрын “тойыңды өзім өткізіп беремін” деп уәде беріп қойған екен. Сол тойдың реті енді келіп, қолқа салып тұрғанын түсінді. Бастық айтты заң, орындамасқа амал жоқ… Міне, кейіпкеріміздің асабалық жолы осылай басталды. Содан бері талай бет ашып, ауыл арасындағы ойын-сауық Оразбексіз өтпейтін болды. Өмірдегі жолы басқа болса да, өнерді жанына серік етіп келеді. Бірнеше аспапта ойнайды. Арасында жанынан жыр жазатын ақындық өнері де бар. Сонда да өмірде шопырлықты таңдапты.

“Ол кезде халық еңбек адамдарын жақсы бағалайтын. “Озат шопан”, “Үздік механизатордың” тасы өрге домалап тұрған уақыт. Сол желеу болды ма екен, бала кезімде темір-тесекке де қызығып қарайтынмын. Есік алдында тұрған ағамның тракторынан түспейтін едім”, – дейді ол.

Бүгінде ағамыз денсаулығына байланысты ол кәсіпті қойған. Облыстық халық шығармашылығы орталығында қарапайым күзетші. Бұл жер де өнердің қайнаған ортасы ғой. Мұндағы қыз-жігіттерге талай ән орындап, сахнаға да шығатыны бар. Өнер десе ішкен асын жерге қойып, елеңдеп тұрады. Қазіргі жастарға айтары да көп. Өнерде де, өмірде де ортаны бағалау – басты принципі. Аталы сөзге тоқтап, ешкімнің ала жібін аттамауды, киелі ұғымға адалдықпен қарауды  бүгінгі жастарға үлгі етуге ұмтылып жүрген жан.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу