Ән әлемінің Әминасы

Ән әлемінің Әминасы

Арқалықтағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен музыка маманы, ұстаз Ә. Сарманқызының туғанына 80 жыл толуына орай, марқұмның өнегелі өмірі мен ғибратты істерін насихаттаған «Өмірі – өнеге, өнері – үлгі» атты еске алу сағаты өткізілді. 

Әмина Сарманқызы қазақ еліндегі хор өнерінің негізін қалаушы, атақты композитор Б. Байқадамовтың талантты шәкірттерінің бірі. Ардагерлердің қалалық «Қазына» халықтық хорының жетекшісі болды. Мәдениет саласының ардагері көзі тірісінде «Жыл адамы – 2015» қалалық атағының иегері атанды.

Еске алу кешіне марқұмның өнерде қатар жүрген әріптестері, ізін қуған шәкірттері қатысты.

Арқалық қаласының құрметті азаматы, «Аналар кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Қалтаева, сондай – ақ жақын – жуықтары, баласы сөз алып, шығармашылық жолы мен елі үшін атқарған еңбектеріне тоқталды.

«Ардақты аға буынның ерен еңбегін әркез естен шығармай, құрметтей білу-қастерлі парызымыз. Халқымызда «Артыңда ізің қалды ма ұрпағың мақтан етерлік?!» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Есімі үлкен әріппен жазылатын жандардың бірі, үлкен жүректі өнер иесі Әмина апамыздың артында өшпес мұрасы, өнегелі ізі қалды»,-дейді кітапханашы Сымбат Азаматқызы.

Ақын М. Қойшыбайұлының арнау жырымен ашылған тағылымды кеште «Қазына» халықтық хорының орындауында атақты композитор Ш. Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы», жерлесіміз, айтыскер ақын Қ.Әбілдің «Бала махаббаты» әндері шырқалды.

Жиналғандар назарына өнер ардагерінің өмірінен бейнеүзінділер ұсынылып, домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілді.                                           

                                          Мұрат Жүнісұлы      

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу