Әлем чемпионымен кездесті

Әлем чемпионымен кездесті

Бокстан Әлем Чемпионы Теміртас Жүсіпов Қостанайға келді. Кикбоксинг федерациясының шақыруымен “Сұлтан ” спортзалында болды.
“Бұл жер маған жақсы таныс. Кезінде Асылхан Бұсырманов ағаларымыз осы федерацияға басшылық еткенде мол жетістікке жеткен, кие тұтамыз. Бір құдайға сыйынып, осында жан-жақтағы былғары қолғап шеберлері талай жиындарда бас қостық. Сол касиетті ортаның әсері болар, жолым болды десе де болады. Әлем чемпионы атанып, елге оралдық”, – деді Теміртас.
“Сұлтан” спорт клубының басшысы Дәмер Қалқаев мейманның сөзіне қосылатынын айтты. Киелі орданың тарихын еске ала кетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асылхан Бұсырманов федерацияны 2000 жылдары басқарды. Ол жетекшілік еткен құрамамыз 2001 жылғы әлем чемпионатында бес алтын медаль иеленді. Кейін “Сұлтан” спорт клубына Асылхан Бұсырмановтың есімі берілді. Кикбоксингтен облыс құрамасының бас бапкері Әскер Макубаев әңгімеге араласып, өңірдің осы спорт түрінен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
“Жалпы бокс пен кикбоксинг елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Бұл да болса сіздердің еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Осы жетістіктер жалғаса беруіне тілектеспін”, – деді әлем чемпионы.
Осы тұста Федерация басшысы Айбек Мұқашевтің ұйымдастырумен Жанат Батырбекұлы бастаған жас бапкерлер қазақтың дәстүрі бойынша Теміртасқа қонақжайлығын көрсетті, астына тұлпар мінгізді. Федерация атынан алғыс хат табыстап, 1 000 АҚШ долларын тарту етті. Шәкірттер әлем чемпионымен суретке түсті, автограф алды.
@Kostanal_Kickboxing

Жаңалықтармен бөлісу