Осы мақаланы жазарда көп ойландым. Өйткені алдымда белгілі қаламгер Сәлім Меңдібай ағамыздың 2015 жылы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығына орай жарық көрген “Өшпес даңқ” атты кітабі тұр. Осы шығармалар жинағын Сәкең сыйлаған еді және бұл кітапта менің де мақалам бар.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанынада жетпіс сегіз жыл болғалы отыр. Қазір Ұлы Отан соғысының ардагерлері де саусақпен санарлық. Ол кісілерге үлкен құрметпен қарау – міндетіміз. Біздің аядай ауылдан да көптеген боздақ пен қырықтан асып, елуді еңсеріп қалған ел азаматтары да аттанған екен. Біздің ауыл бұрынғы Семиозер ауданының Чернигов округіне қарасты Победа колхозы, кейін ауыл ақсақалдарының ұйғарымымен Дүзбай деп аталыпты. Ауылымыз шағын болса да ынтымағы жарасқан берекелі ел екенін ол кезде бала да болсақ көзіміз көрді. Ауылды бір шыбықпен өргізгендей ауызы дуалы аталарымыз бен ымыра-бірлікті қадағалайтын әжелеріміз болды.
Иә, менің атам майдангер еді. Ауылымыздың төл перзенттерінің бірі – әкемнің әкесі Кәкім Жұмағұлұлы да ел басына күн туғанда-ақ қан майданның ортасында болыпты. Ұлы атамыз Жұмағұлдың екі қызы Бәтимә мен Бәдишадан кейін Қазғұл, Кәкім, Хамит, Қазбай деген ұлдары болыпты. Ұлы атамыз 41 жасында өмірден өтіпті. 36 жасында алты баламен жесір қалған Кәмила әжеміз ер мінезді, өжет әйел болыпты. Ағайынды жігіттердің ішінде Кәкім әкеміз өте бейнетқор, шаруа адам болған екен. Әулетіміздің балалары, немерелері түгел әке деп атап кеткен. Он төрт жасында әкеден қалып, апалары мен ағасының айтқанынан шықпай, екі інісіне қамқор болыпты. Әкеміз, яғни атам Кәкім Жұмағұлұлы соғыс басталғаннан бастап, Сталин шайқасында Рокоссовский отрядында, жаяу әскер сапында болған. Бірінші рет қолынан, екінші рет басынан жараланып, госпитальда жатқан. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі” дегендей, Алланың құдіретімен аман қалып, жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Бірақ кеңес үкіметінің бұйрығымен жапон шекарасына тыныштықты күзету үшін күзетке жіберілген. Ұлы әжеміз Кәмила жеңіс күнін көргенімен, көп ұзамай қайтыс болды. Қайтарында “балам аман-есен келеді” деп кетеді. Айтқанындай, әкеміз 1946 жылы көктемде елге оралып, тағы да балалы-шағалы болады. Олардан немерелер көрді. Майдандағы ерлігі үшін соғыс кезінде де, әр жеңіс мерекелерінде де орден, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соңғы рет Ұлы Отан соғысының қырық жылдығына “Ерлігі үшін” медалін иеленеді. Жеңіс күнінен төрт күннен кейін, яғни 1985 жылы 13 майда 90 жасында өмірден өтті әкеміз. Жетпістен асқанша биеге жайдақ мініп-түсе беретін қайратты еді. Ел басына күн туған ашаршылықта да, соғыс кезінде де қарт аналарының қасы мен қабағына қарап, ағайынды төртеуі бір шаңырақта бала-шағаларымен тату-тәтті болыпты. Ең ауыр күндерде де жалғыз сиырдың май-қаймағы мен Обаған өзенінің балығын талғажау етіпті. Әулетіміздің сол кездегі ымыра-бірлігін көрген үлкен кісілер осы күнге дейін айтып отырады. Әкеміздің шаңырағын ағасы мен інілерінің еншісін берген қарашаңырақ дейді көзкөргендер. Менің атам майдангер және еңбекқор еді.
Балғара Жұмағұл