Елімізде 15 маусым әкелер күні аталып өтеді. Бұл әрбір бала үшін әкесіне деген ыстық лебізетін жеткізетін ерекше күн. Ал бүгінде әкелер өз перзенттері үшін барлығына дайын.
Бүгін біз осы мереке қарсаныңда 6697 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ескендір Сараубековтың Нұрсұлтан атты ұлымен әңгімелескен болатынбыз.
– Әке – әр баланың тірегі, жүрек түкпіріндегі ең қымбат тұлға. Әке бейнесі біз үшін батылдықтың, жауапкершіліктің, сабыр мен сенімнің көрінісі. Ал мен үшін әкем – жай ғана отбасы мүшесі емес, Ұлттық ұланның сапында жүрген нағыз батыр. Ол еліміздің тыныштығы мен халықтың амандығы үшін күндіз-түні аянбай еңбек етеді. Мен кішкентай кезімнен бастап оның әскери формасына таңырқай қарап, оны нағыз қаһарман ретінде көретінмін. Әр кез әскери бөлімге бара қалсақ, әкемді өзгелер де құрметтейтінін байқайтынмын. Сол кезде балалық жүрегімде: «Мен де өскенде әкем сияқты боламын» деген үлкен арман пайда болды. Бұл арман мені өмірлік жолымды таңдауға жетеледі. Енді мен де елге адал қызмет етуді, Отан қорғауды өз өмірлік мақсатым деп білемін. Әкемнің үйдегі рөлі де ерекше. Ол әрқашан тәртіп пен жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Бірақ сонымен қатар ол – мейірімді, қамқор жан. Оның әрбір айтқан сөзі – тәрбиенің үлгісі, әрбір қимылы – ер адамның мінезі. Әкем үйге келгенде бәріміздің жүзі жадырап, үйіміз жылылыққа толып кетеді. Кейде әкемнің жұмысы қаншалықты қиын екенін байқаймын. Бірақ соған қарамастан, ол ешқашан шаршадым демейді. Керісінше, бізге үнемі мотивация беріп, «шын ниетпен істелген іс – берекелі болады» деп үйретеді. Меніңше, әскери қызмет – жай жұмыс емес. Бұл – үлкен жүрек пен берік рухты талап ететін қасиетті борыш. Сондықтан менің әкем – тек біздің отбасымыздың емес, бүкіл елдің қорғаны.
Мен үшін әкем – шынайы ер азаматтың бейнесі. Оның әскери формасы – тек киім емес, ол – жауапкершілік пен ар-намыстың белгісі. Мен әкемді өте қатты жақсы көремін және оның баласы болғаныма мақтанамын. Болашақта мен де оның жолын қуып, Ұлттық ұланда қызмет еткім келеді. Себебі менің әкем – елдің тыныштығы үшін күресіп жүрген қаһарман! – деді.
Қорытындылай келе, әр баланың жүрегінде өз әкесіне деген ерекше орын бар. Ал жауынгердің баласы болу – бұл екі есе мақтаныш, екі есе жауапкершілік.
Бүгінгі Әкелер күні – жүрек түбіндегі ризашылықты білдіретін ең әдемі сәт.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі