Қостанай қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектебінде отбасылық кітап оқуды насихаттауға, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұрпақтар арасындағы байланысты бекітуге бағытталған «Әкеммен әдебиет әлемінде» атты оқырмандар байқауы өткізілді.
Аталған іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Балалар кітапханасы», «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» республикалық жобалары аясында өткізілді. Қатысушылардың алдындағы міндет – оқылған шығарма бойынша өз білімдерін ғана көрсетіп қоймай, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәнін бере алу. Белгіленген шығармалар алдын ала оқуға берілді. 1-4 сыныптарға Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Бақша ағаштары», «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгілемелерін оқу ұсынылса, 5-8 сыныптар Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесін оқыды. Ал 9-11 сыныптарға Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы берілді.
Аталған туындылар бойынша әкелер мен ұлдар «Сиқыр-лы дөңгелек», «Оқиғалар пирамидасы», «Комикс» тапсырмаларын орындап, бақ сынасты. Сонымен қатар, іс-шараны қолдауға сыныптың аналары мен қыздары қатысты. Нәтижесінде бірлескен жұмыс, тәрбиелік мәні бар үлкен іс-шара өткізілді. Оған қаламыздың А.Бірімжанов мектебінің ұстаздары мен
Л.Н.Толстой атындағы кітапхананың ғылыми қызметкерлері төрелік жасады. Сайыс қорытындысында 5-8-сынып ата-
аналары үздік атанды. Жеңімпаздарға «Абайдың қара сөздері» кітабы сыйға тартылды. Осындай іс-шаралар әкелер мен ұл балаларды жақындастырып, әкелердің мектеп өмірі мен бала тәрбиесіне ат салысуына септігін тигізері анық. Бұл іс-шара жалғасын табатынына сенеміз. Кітап оқитын жастардың қатары көбейе берсін!
Ақбота ЕРМАҒАНБЕТОВА,
Қостанай қаласы №17 ЖББМ мұғалімі