Қостанайда Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің «Өз елім» атты қайырымдылық концерті өтті.
Үлкен ұжымға Н.Тілендиевтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызы жетекшілік етті.Концертте қазақ және шетел композиторларының белгілі туындылары орындалды. Сондай-ақ қостанайлық сазгер Қалибек Деріпсалдиннің «Айнакөл» әні шырқалды.
«Біз бұл концертімізді көктемгі тасқында әбігерге түсіп, қиналған елдің рухын көтеруге арнадық. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей тапсырмасымен келіп отырмыз. Осы кеште Тобыл-Торғай өңірінің белгілі перзенті Қалибек досымыздың әнін тарту еттік. Көрермен бізді өте жылы қабылдады», — дейді оркестрдің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жалғасбек Бегендіков.
Зал толы көрерменнің өнерпаздарға көрсеткен қошеметі ерекше болды.