29 мая, 2025
Әйелдер қауымы қоғамның қозғаушы күшіне айналды

Әйелдер қауымы қоғамның қозғаушы күшіне айналды

«Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшемдегі еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», — деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде. Бұл тезис гендерлік саясат мәселесінің жалпы еліміз үшін, соның ішінде облысымыз үшін де маңыздылығын айқын көрсетеді.

Қазіргі қазақстандық әйел — батысша ойлап, шығыстық отбасылық өмір салтын ұстанатын еуразиялық әйел. Ол елдің қоғамдық, саяси және мәдени өмірінде болып жатқан процестерге көбірек араласады.

Облысымызда әйелдер саяси өмірде ерекше белсенді. 2023 жылғы сайлау қорытындысы бойынша, барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі 34%-ке жетіп отыр.

Бүгінде облыстағы 6 мың мемлекеттік қызметшінің 58 пайыздан астамы – нәзік жандылар. Айта кетсек, 5 әйел облыстық басқарманы басқарады, 8-і – қала және аудан әкімінің орынбасары, 35-і ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарады.

Өңірде облыс әкімінің Отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі белсенді жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті — гендерлік теңдікті нығайтып, әйелдер құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды қолдап, өңірдегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеп, енгізуге жәрдемдесу.

Облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Қала және аудан әкімдерінің жанында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бағытында барлығы 1 облыстық және 20 өңірлік жұмыс тобы бар. Оның қызметі отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және өңірдің демографиялық дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін іс-шараларды әзірлеп, жүзеге асыруға бағытталған. Комиссия мемлекеттік бастамаларды үйлестіріп, ұсыныстарды әзірлеуде, әйелдерді, отбасы мен балаларды қолдауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруда шешуші рөл атқарады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес жалғастыру үстінде. Осы тұжырымдаманы іске асыру барысында комиссия қазіргі заманауи, орнықты отбасын құру үшін қолайлы жағдайлар жасап, әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайтуға және гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруға ерекше көңіл бөледі. Комиссия мүшелері облыс аумағында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясын өткізуге белсенді атсалысып жатыр.

2024 жылы Қостанай облысының әкімдігі отбасылық, демографиялық және гендерлік саясатты қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобасын жүзеге асырды. Жоба аясында Қостанай облысы мектептері ата-аналар комитеттерінің төрағалары үшін гендерлік саясатты іске асыру мәселелері бойынша семинарлар өткізілді. Семинар барысында тәжірибе алмасып, қазіргі жағдайда отбасылық-демографиялық және гендерлік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Отбасылық-демографиялық саясат тұрғысында вебинарлар ұйымдастырылып, әдістемелік құралдар әзірленді.

Жоба аясында өткізілген басты іс-шаралардың бірі гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ғылыми-практикалық конференция болды.

Конференция барысында гендерлік теңдікті ілгерілету, отбасыларды қолдау және қоғам алдында тұрған демографиялық мәселелерді шешуге қатысты негізгі мәселелер қаралды.

Конференцияға қатысушылар құнды тәжірибе алмасып, әлеуметтік шараларды жақсартуға бағытталған ұсыныстар жасады.

Қоғамдық-саяси қатынастар саласындағы тағы бір мысал — әйелдердің саяси көшбасшылық клубтарының қызметі және, тұтастай алғанда, «Әйелдер күштері Альянсы» мен «Іскер әйелдер қауымдастығының» қызметі. Бұл құрылымдар бизнес, саясат және қоғамдық қызметтегі бастамаларға қолдау көрсете отырып, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктердің кеңеюіне ықпал етеді.

Қостанай облысы «Атамекен» ӨКП Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға белсенді түрде ықпал етуде. Жергілікті кәсіпкерлерге, әсіресе, әйелдерге өңірлік тауарлардың әлеуетін ашуға, өндірісті жақсартуға және өнімді нарыққа шығаруға көмектесетін «Бір ауыл — бір өнім» (БАБӨ) жобасын сәтті жүзеге асыру үстінде.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және аймақ экономикасын дамыту мақсатында дәстүрлі түрде БАБӨ жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралар тек сауда алаңдары ғана емес, жергілікті бизнесті алға жылжытудың тиімді құралына айналуда.

Әйелдер өзін-өзі жан-жақты дамытып, жетілдіруге, эмоциялық интеллектісін дамытуға ұмтылып, soft skills дағдыларын алуға тырысады. Өзін-өзі түсіну — self skills бүгінде әйелдер арасында танымал бола түскен. Мұның бәрі әр тұлғаны және қоршаған әлемді өзгертуге бағытталған.

Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, гендерлік теңдік саласындағы жұмыс жалғасып жатыр. Жеткен нәтижелерді бекітіп қана қоймай, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа тетіктерді дамытудың маңызы зор. Тек осылай ғана әділ және тұрақты қоғам игілігіне қол жеткізуге болады, онда әр адамның, жынысына қарамастан, табысқа жету мүмкіндігі бірдей.

Арман Әбенов,

Қостанай облысы әкімінің орынбасары