Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды науқанның басталуы — еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды әрі жауапты кезең екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Құрылтай тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ол — халықтың үні, қоғамның үміті мен ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды институт.
Тарихқа зер салып, қарайтын болсақ, Құрылтайдың ел тағдырын, елдік мәселелерді шешу үшін маңызы өте жоғары болған. Сондықтан да ол жерде ақылы толысқан, өмірден түйгені мол, әділ шешім қабылдауға қабылетті, халықтың алдында беделі зор адамдар отырған екен. Бүгінгі таңда біздің мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндет — әділетті, тиімді және ең алдымен адам игілігіне бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыру. Қабылданатын әрбір заңның түпкі мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы нығайту және әрбір қазақстандыққа лайықты өмір сүру жағдайын жасау болуға тиіс.
Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Курылтай құрамына азаматтық ұстанымы берік, кәсіби тәжірибесі мол және ел игілігі үшін қызмет етуге дайын азаматтардың келуі аса маңызды. Олардың қабылдайтын шешімдері еліміздің ертеңін айқындайтынын жақсы түсінеміз. Біз жаңа кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы кезең. Мұнда басты құндылық — халық мүддесі, заң үстемдігі және жауапкершілік.
Сайлауалды науқан ашық диалогқа, адал бәсекеге және ел болашағы жолында күш біріктіруге негіз болсын. Елімізде әділетті, қуатты әрі гүлденген Қазақстанның жаңа дәуірі басталуын тілеп отырған халықтың тілегіне мен де қосыламын.
Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты
