“Әдемілік бізге көптік етпейді”

“Әдемілік бізге көптік етпейді”

Қазір аудан-ауылдардың өзінде қаладағыдай тырнақ әрлеу сияқты сервистік қызметтер дамып келеді. Оны ашуға да мүмкіндік мол. Бүгінде аудан тұрғыны Ақбөбек Жеңісхан аудан орталығында қыз-келіншектердің тырнақтарын жөндеумен, әрлеп, түрлі кескін салумен айналысады.

Оның сөзінше, бұл кәсіпті меңгеруге ата-анасы бағыт берген.

– Анам «қандай заман болмасын шаштараз, тігінші сынды кәсіп жоғалмайды» деп өз ақылын айтты. Ал әкем «кез келген адам қолынан келетін істі меңгеруі тиіс, сол кезде ешкімге тәуелді болмайсың» деп бағыт берді. Мен негізі мамандығым тарихшы. Демалыс күндері немесе жұмыстан тыс уақытта сүйікті ісіммен айналысамын. Кәдімгідей демалып қаламын, – дейді ол.

Қазір Ақбөбек жұмыстан тыс уақытта тырнақ істеу кәсібімен айналысады. Қамысты ауданының орталығында ғимаратты жалға алған. Төрт жылдың көлемінде әжептәуір клиенттерін де жинап үлгерген. Дизайны да ерекше. Қаладағы мамандардан асып түспесе кем емес. Ол үнемі өзін түрлі әлеуметтік желілерден қазіргі стилде безендірумен өзін-өзі жетілдіріп келеді.

Кез келген адам белгілі бір кәсіппен айналысар кезінде көңілінде қорқыныш сезімі басым болады. Ал сенімділік сол кәсіптің қазанында қайнап, мол тәжірибе жинағаннан кейін қалыптасады. Ақбөбектің де бойында бастапқы кезде үрей басымырақ болған. Бірақ ата-анасының, бауырларының қолдауы, өз ісіне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі оны әркез алға жетелейді.

          Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу