Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды. Бұл бастама аясында жас буынның бойында жаңа ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі жүзеге асырып жатқан осындай жобаның бірі — Қостанай облысы, Алтынсарин ауданының Силантьев ауылында жастармен өткен тәрбиелік кездесу.
Кездесудің басты мақсаты — жастардың бойында патриотизм мен адамгершілік қасиеттерін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оларды қоғамның белсенді мүшесі болуға шақыру. Шараға Алтынсарин аудандық және облыстық Ақсақалдар кеңесінің өкілдері, соның ішінде облыс әкімінің ҚХА бойынша қоғамдық негіздегі орынбасары Қалқаман Жақып пен М.Дулатов университетінің профессоры Айгүл Сегізбаева қатысты. Спикерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға азаматтық ұстаным мен жауапкершіліктің маңызын түсіндірді. Ашық форматта өткен бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың сұрақтарына толыққанды жауап беруге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, жоба аясында адал еңбекпен табысқа жеткен үлгілі шаруашылықтар да таныстырылды. Анновка ауылындағы «БАЛТАЛЫ LTD» ЖШС кәсіпорны осыған жарқын мысал бола алады. Бес жылдық тарихы бар шаруашылықты Аслан Базылұлы басқарады. Мұнда 30-дан астам тұрақты жұмыс орны бар, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Әртүрлі этнос өкілдері татулық пен бірлікте еңбек етіп, өзгелерге үлгі көрсетуде.
Қостанай облысының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас сарапшысы Айбек Таңатбаевтың айтуынша, жобаның негізгі міндеттерінің қатарында отбасылық дәстүр мен тәрбиеде әкелердің рөлін арттыру, этносаралық татулықты сақтау, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастары арасында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасын ілгерілету бар.

Президент тапсырмасына сәйкес, «Адал азамат» жобасы қыркүйек айынан бастап білім беру бағдарламаларына енгізіледі деп отыр. Жыл соңына дейін бұл бағытта көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастама қазақстандық жастардың санасын өзгертіп, оларды адалдыққа, әділеттілікке және еңбекқорлыққа тәрбиелейтін маңызды құрал болмақ.

Жоба этномәдени әртүрлілікке құрмет көрсету, азаматтық жауапкершілікті дамыту және жоғары адамгершілік қасиеттері бар тұлғаларды тәрбиелеу сияқты негізгі құндылықтарды енгізуге бағытталған, бұл елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал етеді. Бастаманың табысты жүзеге асуы барлық қатысушылардың күш-жігерінің үйлесімділігі мен мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және әрбір азамат арасындағы тиімді ынтымақтастыққа байланысты.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
