Ақтөбелік әйгілі велосаяхатшы Тобыл өңіріне жетті

Ақтөбелік әйгілі велосаяхатшы Тобыл өңіріне жетті

Бүгін Қостанайдағы Достық үйінде ерекше кездесу өтті. Еліміздің түкпір-түкпірін велосипедпен аралап жүрген 71 жастағы ақтөбелік велосаяхатшы Жұмабай Отарғалиевті жерлестеріміз жылы шыраймен қарсы алды.

Ол өз сапарын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап, барша халыққа үлгі боларлық бастама көтеріп отыр.

blankТеміржол саласының ардагері, спортшы әрі Қостанай велоклубының белсенді мүшесі Жұмабай Отарғалиев бірнеше жылдан бері еліміздегі маңызды тарихи, мәдени оқиғаларға арналған веломаршруттар ұйымдастырып келеді. Ол өзінің биылғы сапарында 5000 шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің түрлі өңірлерін аралауда. Бұл тек спорттық жоба ғана емес, сонымен бірге ел тарихына, мәдениетіне деген құрметтің нақты көрінісі.

Қостанайға келіп жеткен ақсақалды Ассамблея өкілдері мен қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды. Оған арнап экскурсия ұйымдастырылып, Достық үйінің қызметімен, ондағы этномәдени бірлестіктердің жұмысымен және Ыбырай Алтынсарин атындағы музеймен танысу мүмкіндігі ұсынылды.

blankБұл кездесу тек саяхаттың бір аялдамасы емес, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраны дәріптеудің жарқын мысалы болды.

Осы орайда Ассамблеяның облыстық филиалы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып лебізін білдірді.

blank

«Жұмабай замандасымыздың бастамасы – тек спорттық ерлік емес, бұл – жастарға, кейінгі ұрпаққа тағылым болар үлкен өмірлік сабақ. Белсенді өмір салты, тарих пен дәстүрге құрмет және Отанға деген сүйіспеншілік. Міне, осындай қасиеттер бүгінде баршамызға үлгі болуы тиіс. Ардагерлеріміздің осындай елдік бастамаларға атсалысып, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүруі – Ассамблея жұмысының жандануы мен халықтар арасындағы достықтың нығаюына қосылған үлес деп білеміз», – деді Қалқаман Жақып.

Жұмабай Отарғалиевтің велосапары Қостанайдан кейін Петропавлда жалғасын тауып, тамыз айында мәресіне жетеді. Бұл сапар – еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің, көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін паш ететін нақты әрекет. Оның жолындағы әрбір шақырым – елге, жерге, тарихқа деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі.