19-қазан елімізде Құтқарушылар күнін атап өтеді. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аппарат кеңесінде сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, үздіктерді Құрмет грамотасымен марапаттады.
Шаһар басшысы төтенше жағдай, өрт сөндірушілер мен құтқару қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

«2022, 2023 жылдары қалада ауқымды өрт оқиғалары тіркелді. Сол кезде жергілікті төтенше жағдайлар қызметі жүктелген міндетін жоғары кәсібилікпен атқарды. 2024 жылы көктемгі су тасқынында күн-түн демей қызмет етіп, қоғамның қауіпсіздігі үшін күресті. Шын мәнінде шаһарда күн сайын ірілі-ұсақты төтенше жағдай тіркеледі. Соның бәріне жүгіріп, апаттың алдын алуға үлес қосуда. Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жедел әрекеттеріңізге байланысты», — деді қала әкімі.
Құтқару қызметіне күнделікті он шақты, кейде одан да көп шақырту түседі. Оқиға орнына жедел жетіп, мың түрлі қатермен бетпе-бет келетін де батыл құтқарушылар.

Олардың еңбегі сын-қатерден сақтандырып, өмірлік өкініштің алдын алады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттер қала әкімінің баспасөз қызметінен алынды
