Қырмызы Жаңбыршина: «Халық үні нақты шешімге ұласуы керек»

Қырмызы Жаңбыршина: «Халық үні нақты шешімге ұласуы керек»

Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу мен оны нақты шешімге ұластырудың арасы алшақ болмауы керек. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Қырмызы Жаңбыршина жаңа институттың мүмкіндігі, өңірдегі өзекті мәселелер және әйелдердің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті.

–  Қырмызы Сапарқызы, жуырда Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына ендіңіз. Жаңа құрылымда әр өңірдің түрлі сала өкілдері бар. Кеңестің құрамының ерекшелігі неде? Қоғамның мәселелерін билікке жеткізуде қандай рөл атқара алады?

– Қазақстан Халық Кеңесі – еліміздің саяси жүйесінде айрықша орны бар, Конституциямен бекітілген жаңа институт. Оның басты ерекшелігі – қоғамның сан алуан өкілдерін бір жалпыұлттық диалог алаңына біріктіруінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде бұл институтты құру туралы көптен бері ойланғанын, елдегі түйткілді мәселелерді ашық талқылап, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын алаң қажет екенін айтып өтті.

Шынында, «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атаудың өзі оның жалпыұлттық сипатын айқындайды. Ал мәртебесінің Конституцияда бекітілуі жаңа институттың жауапкершілігін арттырып, оның қызметіне ерекше мән береді.

Кеңестің құрамында азаматтық қоғам, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, өңірлік мәслихаттар және түрлі салалардың өкілдері бас қосып отыр. Бұл – қоғамның әртүрлі топтарының көзқарасын ескеруге, жергілікті жерлердегі мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік беретін маңызды тетік.

Халық Кеңесінің басты міндеті – тек пікір алмасу емес, қоғамның сұранысын жүйелеп, оны негізделген ұсыныстарға айналдыру.

Өйткені азаматтарды толғандырған мәселе тиісті деңгейде талқыланып қана қоймай, мемлекеттік органдардың назарында болып, нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы керек. Халық пен билік арасындағы сенім де осындай ашық диалогтан, өзара жауапкершіліктен және нәтижеге бағытталған жұмыстан қалыптасады.

– Өңірдің қандай мәселесін көтересіз? Халық Кеңесі мен мәслихаттың айырмашылығы неде?

– Кешегі күнге дейін (Президент жарлығымен мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтады – ред.) облыстық мәслихат депутаты болғандықтан, өңірімізге қатысты мәселелерді жақсы білемін. Сондықтан Халық Кеңесіндегі жұмысымда да өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдардың әлеуетін арттыруға, халықтың өмір сүру сапасына және инфрақұрылымдық мәселелерге басымдық беруге тырысамын.

Қостанай облысы үшін ауыз сумен қамтамасыз ету, газ тарту, жолдардың сапасы, ауылдық жерлердің дамуы, әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасы мен қолжетімділігі, жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау секілді мәселелердің маңызы зор. Бұлардың әрқайсысы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан осындай мәселелердің себептерін зерделеп, оларды шешудің жүйелі жолдарын ұсыну қажет деп есептеймін.

Халық Кеңесі мен мәслихаттың айырмашылығын қарапайым тілмен түсіндірер болсам, мәслихат – белгілі бір өңір тұрғындарының мүддесін білдіретін жергілікті өкілді орган. Ол жергілікті бюджетті бекітуге, өңірдің даму жоспарларын қарауға, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты мәселелерді талқылауға және заңда белгіленген өкілеттіктері шеңберінде бақылау жасауға қатысады.

Ал Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті – ауқымы жағынан кеңірек. Ол жекелеген өңірлер мен әлеуметтік топтарды толғандыратын мәселелерді жалпыұлттық деңгейде талқылап, қоғамдық бастамаларды жинақтап, сараптап, мемлекеттік органдарға ұсынымдар мен қорытындылар жолдайтын институт.

Яғни, мәслихат жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуге қатысса, Халық Кеңесі сол мәселелердің жүйелі себептерін көтеріп, оларды республикалық деңгейдегі қоғамдық талқылауға және тиісті мемлекеттік шешімдер қабылдауға дейін жеткізеді.

Мен үшін ең маңыздысы – азаматтар Халық Кеңесіне тек сұрақ қою үшін емес, өздерін толғандыратын, қоғамға және өңірге пайдалы бастамаларды ұсыну үшін де жүгіне алатын тиімді диалог мәдениетін қалыптастыру. Өйткені әрбір мәселенің артында адамның тағдыры, отбасының әл-ауқаты және қоғамның болашағы тұр.

– Қаржы саласында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Өңірлердің қаржылық мүмкіндігі, ауылдардың дамуы, шағын бизнес пен әлеуметтік нысандардың қайсысы Кеңестің күн тәртібінде көбірек талқылануы керек?

– Сіз атап өткен мәселелердің барлығы өзекті және бір-бірімен тығыз байланысты. Өңірдің қаржылық мүмкіндігі ауылдың дамуына да, кәсіпкерліктің өркендеуіне де, әлеуметтік нысандардың сапасына да тікелей әсер етеді.

Қаржы саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде мен бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына, жоспарланған жобалардың нақты нәтижесіне ерекше мән беремін. Бюджеттің көлемі ғана емес, оның халықтың өмір сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал еткені маңызды. Мысалы, ауылға бөлінген қаржының нәтижесінде тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізді ме, жолдар жөнделді ме, мектеп пен медициналық пункттің мәселесі шешілді ме, жаңа жұмыс орындары ашылды ма? Біз қаржыландырудың тиімділігін осындай нақты көрсеткіштер арқылы бағалауымыз керек.

Шағын және орта бизнесті қолдау да маңызды. Өйткені кәсіпкерлік – жаңа жұмыс орындарының, жергілікті экономиканың және халық табысының өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіп бастауға мүмкіндік жасау, жергілікті өнім өндірушілерді қолдау және қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мәселелері назардан тыс қалмауға тиіс.

Қазақстан Халық Кеңесінде тұрақты комитеттер мен салалық комиссиялар құрылып, өз жұмыстарын бастады. Олардың қызметі қоғамды толғандыратын мәселелерді жүйелі түрде зерделеуге, сарапшылардың пікірін ескеруге және түрлі бастамаларды ортақ талқылауға шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Кеңестің күн тәртібі қоғамның нақты сұранысына қарай негізделіп отырады деп ойлаймын. Қай мәселе халықтың тұрмысына көбірек әсер етсе, соған тиісті деңгейде назар аударылып, оны шешудің жолдары ұсынылатын болады.

Түпкі мақсат – мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуына ықпал ету, өңірлердің даму мүмкіндіктерін кеңейту және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін бастамаларды қолдау.

– Кеңестің құрамында 126 адам бар. Әр мүшенің өз ойын жеткізуі үшін қандай жұмыс тетігі қажет?

– 126 мүшеден тұратын ауқымды құрамда әр адамның пікірін есту үшін жүйелі әрі тиімді жұмыс тәртібі қажет. Мұндай құрылымда барлық мәселені тек жалпы отырыстарда талқылау жеткіліксіз. Сондықтанда бұл жерде комитеттер мен салалық комиссиялардың жұмысы ерекше маңызға ие.

Хатшылық пен Төралқа Кеңес қызметінің үйлесімді ұйымдастырылуына ықпал етеді.

Ал комитеттер мен комиссиялар нақты бағыттар бойынша мәселелерді тереңірек зерделеп, ұсыныстарды жинақтап, сараптамалық талқылаудан өткізеді.

Әрбір бастаманы қарастырудың нақты тәртібі бар: алдымен мәселе көтеріліп, оның себептері мен ауқымы анықталуы керек; одан кейін мамандар мен мүдделі тараптардың пікірі тыңдалып, ықтимал шешу жолдары саралануы қажет. Соңында негізделген ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

– Кеңес мүшесі ретінде тұрғындар жеке мәселелерімен тікелей жүгіне ала ма? Олардың ұсыныстары Кеңеске дейін қалай жетеді?

 

– Әрине, азаматтармен тұрақты байланыста болу мен олардың ұсыныстарын тыңдау мен үшін өте маңызды. Облыстық мәслихат депутаты ретінде осы бағытта жинақтаған тәжірибем бар.

Халықпен жұмыс істеу кезінде бір нәрсеге көзім жетті: кейде бір адамның жеке мәселесі тұтас бір ауылға немесе белгілі бір әлеуметтік топқа ортақ түйткілдің көрінісі болуы мүмкін. Сондықтан әрбір өтінішке немқұрайды қарауға болмайды. Алдымен мәселенің мән-жайын анықтап, оның қандай себептерден туындағанын және оны шешу қай органның құзыретіне жататынын зерделеу қажет.

Сонымен бірге бір маңызды жайтты атап өткім келеді: Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың немесе мәслихаттың орнына жұмыс істемейді. Оның мақсаты – жеке өтініштерді тиісті органдарға бағыттаумен шектелмей, қоғамда жиі кездесетін мәселелерді жинақтап, олардың жүйелі себептерін анықтап, шешу жолдарын ұсыну. Мысалы, егер бір елді мекенде ғана емес, бірнеше ауданда ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық көмекке қол жеткізу немесе әлеуметтік қызметтердің сапасы бойынша ұқсас мәселелер көтерілсе, оларды жеке өтініштер жиынтығы ретінде ғана емес, өңірлік немесе жалпыұлттық деңгейде шешуді қажет ететін мәселе ретінде қарастыруға болады.

Менің ғана емес, Кеңестің әр мүшесінің ұстанымы – халықтың үнін тыңдап, оны нақты ұсынысқа айналдыру. Азаматтардан келіп түскен бастамаларды тиісті деңгейде жинақтап, сараптап, заңнамада көзделген тәртіппен Кеңестің жұмысына енгізудің жолдарын қарастыратын боламыз. Халықтың сенімі де осындай ашықтықтан қалыптасады.

Адамдар өзінің мәселесі тыңдалғанын ғана емес, оның шешілуіне ықпал ететін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын сезінуі керек.

– Әйелдерге қатысты қандай мәселелер әлі де жеткілікті деңгейде айтылмай жүр?

– Елімізде гендерлік саясат жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде әйелдер мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылымда, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында, қоғамдық-саяси өмірде белсенді еңбек етіп жүр. Бұл – қоғамның дамуына қосылған елеулі үлес.

Дегенмен әйелдердің қоғамдық белсенділігінің артуы олардың барлық мәселесі шешілді дегенді білдірмейді. Әлі де назар аударуды қажет ететін бағыттар бар.

Біріншіден, әйелдердің экономикалық дербестігін нығайту маңызды. Әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдер үшін тұрақты жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, қаржы ресурстарына қол жеткізу және кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

Екіншіден, отбасы мен мансапты қатар алып жүру мәселесі бар. Әйелдің кәсіби дамуына мүмкіндік бере отырып, бала тәрбиесі мен отбасылық міндеттердің де әділ бөлінуіне жағдай жасауымыз керек.

Бала күтімі қызметтерінің қолжетімділігі, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік – бұл тек әйелдердің емес, бүкіл қоғамның мәселесі.

Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, құқықтық және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет.

Мұнда заң талаптарымен қатар, қоғамдық сана мен отбасындағы өзара құрмет мәдениетінің де маңызы зор.

Мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және бала құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде бұл мәселелерге бейжай қарай алмаймын. Әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдердің, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың және ерекше қолдауды қажет ететін балалардың мүддесі назардан тыс қалмауға тиіс.

Менің ойымша, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру дегеніміз – оларға жауапкершілікті көбірек жүктеу емес, өз қабілетін жүзеге асыруына тең мүмкіндік жасау. Әйелдің білімі, тәжірибесі мен қоғамдық белсенділігі елдің дамуына толыққанды қызмет етуі үшін қажетті жағдай қалыптастыруымыз керек.

– Халықтың өтінішін тыңдау бір бөлек, оны шешім қабылдайтын деңгейге жеткізу бір бөлек. Осы екеуінің арасындағы ең үлкен қиындық неде?

– Меніңше, ең үлкен қиындық – халық көтерген мәселені оның нақты себептерімен бірге анықтап, оны шешуге жауапты органдардың алдына негізделген ұсыныс ретінде қоя білу.

Депутаттық жұмыс барысында тұрғындардың өтінішін тыңдау – жұмыстың алғашқы қадамы ғана екенін түсіндім. Кейбір мәселелер жергілікті деңгейде шешіледі, ал енді біреулері қосымша қаржыландыруды, заңнамаға өзгеріс енгізуді немесе бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысын қажет етеді.

Кейде мәселенің шешілмеуіне қаржының жеткіліксіздігі, кейде қолданыстағы заңнамалық нормалар, кейде ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігі себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір мәселені жан-жақты зерделеп, оның шешілуіне кедергі келтіретін факторларды анықтау қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – кері байланыстың болуы. Азаматқа оның өтініші қаралғанын хабарлау жеткіліксіз. Қандай жұмыс жүргізілді, қандай шешім қабылданды, мәселе неліктен шешілмеді немесе оны шешу үшін қандай мерзім қажет – осының бәрі түсінікті болуы керек. Халық Кеңесінің мүмкіндігі де осындай мәселелерді қоғамдық деңгейде талқылап, сараптамалық тұрғыдан пысықтап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жеткізумен байланысты.

Айтқым келгені – халықтың өтінішін жай ғана тіркеу емес, оның шешілуіне ықпал ету маңызды. Ал ол үшін азаматтардың үні, сарапшылардың білімі және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі өзара ұштасуы қажет.

– Халық Кеңесінің мүшесі ретінде сіз үшін «нәтиже» деген не? Заңның өзгеруі ме, мәселенің шешілуі ме, әлде халық ұсынысының мемлекеттік деңгейде естілуі ме?

– Мен үшін нәтиже – осының бәрін қамтитын, ең бастысы, халықтың өміріне нақты оң ықпал ететін өзгеріс. Әрине, белгілі бір мәселе бойынша заңнамаға өзгеріс енгізу – маңызды нәтиже. Өйткені заңнамалық шешім бір адамның ғана емес, көптеген азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік беруі мүмкін. Сол сияқты, өңірдегі өзекті мәселенің шешілуі де халықтың күнделікті өмірінде нақты өзгеріс қалыптастырады. Алайда кез келген шешімнің бастауында халықтың ұсынысын тыңдау, оның маңызын түсіну және тиісті деңгейде қарастыру тұрады. Егер азаматтардың пікірі мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне жетіп, сараптамадан өтіп, негізделген ұсынысқа айналса, бұл да маңызды қадам. Сонымен бірге қоғамдық бастаманың мемлекеттік деңгейде естілуімен шектелуге болмайды. Оның одан әрі қалай қаралғаны, қандай шешім қабылданғаны және нақты қандай нәтиже бергені де маңызды.

Кез- келген жұмыстың тиімділігіне нақты нәтиже тұрғысынан қарау керек. Сондықтан Халық Кеңесіндегі қызметімде де ұсыныстардың орындалу барысына, қабылданған шешімдердің халыққа әсеріне және олардың өмір сапасын жақсартуға қосқан үлесіне мән беретін боламын.

Менің түсінігімде Халық Кеңесінің жұмысының нәтижесі оның отырыстарының санымен немесе талқыланған мәселелердің көптігімен ғана өлшенбейді. Ең маңызды көрсеткіш – қоғамның сенімі, азаматтардың ұсыныстарының ескерілуі және сол ұсыныстардың нақты өзгерістерге ұласуы. Себебі мемлекеттің дамуы мен халықтың әл-ауқаты бір-бірінен ажырамайды. Халықтың үні естіліп, оның мәселелері шешімін тапқанда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығая түседі.

Мен үшін Халық Кеңесіндегі қызметімнің түпкі мақсаты – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, азаматтардың бастамаларын қолдауға және Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесімді қосу.

– Қоғамдық жұмыспен айналысу үшін ынта, күш-қайрат, уақыт керек. Сізді не нәрсе ынталандырады? Күшті, уақытты қайдан аласыз? 

– Мектеп қабырғасынан бастап, студенттік жылдарымда да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Адамдармен араласу, ортақ іске атсалысу, елдің тыныс-тіршілігіне бейжай қарамау менің өмірлік дағдыма айналған десем болады.

Мені қоғамдық жұмысқа ынталандыратын ең басты күш – туған еліме, жеріме пайдамды тигізсем деген ниет. Бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қоғамдағы өзгерістерге сырттай бақылаушы болып қана қарамай, қолымыздан келгенше оның дамуына үлес қосу әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі, туған еліне деген перзенттік парызы деп ойлаймын. Мен де өз елімнің өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқым келеді. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.

Әрине, қоғамдық жұмыс үлкен жауапкершілікті, уақытты, күш-қайратты талап етеді.

Кейде шаршаған сәттер де болады. Бірақ жұрттың алғысын есту, көтерілген мәселенің шешімін табуына ықпал ету, бір адамның болса да үмітіне демеу болу – маған ерекше рухани күш береді. Елге қызмет етудің ең үлкен мотивациясы да осында деп білемін.

Ал уақытты қайдан аламын десеңіз, меніңше, мәселе уақыттың көптігінде емес, оны дұрыс ұйымдастыра білуде. Қоғамдық жұмысқа араласу үшін ең алдымен ниет пен ішкі тәртіп керек. Әрине, отбасы, қызмет және қоғамдық міндеттердің арасында тепе-теңдік сақтауға тырысамын.  Осы орайда, маған үнемі рухани қолдау көрсетіп отыратын отбасыма, әріптестеріме зор алғысымды білдіремін.

Мен үшін қоғамдық жұмыс – атақ немесе міндет қана емес, адамдармен бірге болу, олардың мұң-мұқтажын түсіну, ортақ іске үлес қосу мүмкіндігі. Адам өз ісінің қоғамға қажет екенін сезінсе, бойынан күш те, уақыт та табады. Өйткені елге қызмет ету – белгілі бір лауазыммен шектелмейтін ұғым. Ол – жүректегі азаматтық ұстаным, туған жерге деген сүйіспеншілік және қоғам алдындағы жауапкершілік.

Мен осы қағиданы өмір бойы басшылыққа алып келемін және алдағы уақытта да осы жолдан таймай, еліме адал қызмет етуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.

– Көңіл бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Аслан ҚАНҒОЖИН