Алыс та, жақын Корея

Алыс та, жақын Корея

Бейтаныс әліпбиді танып, ұлттық киімнің тарихына үңілу, корей әуеніне құлақ түріп, дәстүрлі тағамдардың ерекшелігін білу… Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда орналасқан Корея орталығы оқушылар үшін осындай қызықты әлемнің есігін ашады. Мұнда өзге халықтың мәдениетін танып-білу арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы кеңейіп, ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметтің мәні тереңдей түседі.

Бүгінде білім беру ісінің міндеті – оқушыға сапалы білім берумен ғана шектелмей, оның бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, ұлттық құндылықтарды бағалауға және өзге мәдениеттерді құрметтеуге тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, білім ордалары жанынан ашылған мәдени орталықтардың маңызы зор.

Өйткені мұндай орындар жас ұрпаққа сан алуан халықтың тарихы мен дәстүрін таныстырып қана қоймай, таным көкжиегін кеңейтуге жол ашады. Сондай тағылымды орталықтың бірі жоғарыда айтылған Корея орталығы. Мұнда корей халқының тарихы, тілі, ұлттық киімі, музыкасы, би өнері мен тағамдары таныстырылып, оқушылардың ізденісі мен шығармашылығына мүмкіндік беріледі.

 «Корея орталығы – белгілі бір ұлттың мәдениетін таныстыратын қарапайым бұрыш қана емес, оқушылардың қызығушылығын оятып, ізденуге, зерттеуге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін танымдық орта. Мұнда оқушылар Кореяның бай тарихымен танысып қана қоймай, Қазақстанда өмір сүріп жатқан корей халқының тарихы мен тағдыры туралы да мағлұмат алады. Бұл – көпұлтты Қазақстан қоғамындағы достық пен өзара түсіністіктің маңызын сезіндіретін тәрбиелік алаң», – дейді гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Ғалымжанқызы.

Дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан ел

Корей мәдениетінің ерекшелігі – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи дамуға бейімделе білуінде. Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан Корея түп-тамыры терең тарихымен, өзіндік өнерімен және бай мәдени мұрасымен танымал. Корей халқының тарихи санасында Чосон атауы ерекше орын алады, ал «Таңғы тыныштық елі» деген поэтикалық атау елдің мәдени бейнесімен сабақтасып жатады. Бүгінде Оңтүстік Корея әлемге жоғары технологиялары, электроникасы, автомобиль өндірісімен қатар, киносы, музыкасы және заманауи мәдениеті арқылы да кеңінен танылды. Әсіресе корей музыкасы мен кинематографиясының халықаралық деңгейде танымал болуы жастардың бұл елге деген қызығушылығын арттырды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ауыр экономикалық жағдайды бастан өткерген Оңтүстік Корея халықтың еңбекқорлығы, білімге ұмтылысы және жүйелі даму саясатының арқасында қысқа мерзімде үлкен жетістіктерге жетті. Бұл тарихи серпіліс әлемдік әдебиет пен публицистикада «Хан өзеніндегі ғажайып» деген атаумен белгілі. Корей тәжірибесінің тағылымы да осында. Білім мен ғылымға басымдық беру, табандылық таныту, еңбекке жауапкершілікпен қарау – кез келген қоғамның дамуына негіз болатын қасиеттер. Сондықтан Кореяның тарихы оқушыларға тек шетелдік мәдениетті танытып қоймай, білімге құштарлық пен мақсатқа ұмтылудың маңызын ұғындырады.

Қазақстандағы корейлер: ортақ тарих, ортақ тағдыр

Корея орталығында назар аударылатын маңызды тақырыптардың бірі – Қазақстандағы корей халқының тарихы. Бұл – тағдыр тоғыстырған екі халықтың өзара сыйластығы мен ынтымақтастығын айқындайтын тағылымды тарих. 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға жүз мыңдай корей көшірілді. Жат жерге еріксіз келген халық қиындықтарға қарамастан жаңа ортаға бейімделіп, қазақ халқымен бірге өмір сүрді. Уақыт өте келе олардың өкілдері еліміздің ауыл шаруашылығы, ғылымы, мәдениеті, білімі және басқа да салаларының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ пен корей халықтарының арасындағы байланыс күнделікті тұрмыстан, еңбек пен сыйластықтан бастау алды. Ортақ өмір салты мен мәдени қарым-қатынас адамдарды жақындастырып, өзара түсіністікті нығайтты. Осы тарихи тағдырды сипаттайтын «Корё сарам» ұғымы Қазақстан мен Орталық Азиядағы корей қауымының өзіндік болмысын танытады. Бүгінде Қазақстан – түрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақ астында өмір сүріп жатқан мемлекет. Сондықтан Корея орталығында корей халқының тарихымен танысу оқушыларға өткенді зерделеумен қатар, еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірліктің қадірін түсінуге мүмкіндік береді.

Хангыль – халықтың рухани мұрасы

Тіл – ұлттың жадын сақтап, мәдениетін келесі ұрпаққа жеткізетін басты құндылықтардың бірі. Корей халқының ұлттық жазуы – хангыль. Оның тарихы Чосон мемлекетінің билеушісі Седжонның есімімен тығыз байланысты. 1443 жылы жасалып, 1446 жылы ресми түрде жарияланған бұл жазу корей тілінің дамуына үлкен ықпал етті. Корея орталығында оқушылардың хангыль әріптерімен танысуы ерекше қызығушылық тудырады. Бейтаныс таңбаларды танып, өз есімдерін корей тілінде жазып көру, қарапайым сөздерді үйрену – балалар үшін әрі қызықты, әрі пайдалы тәжірибе. Мұндай жұмыс оқушының тіл үйренуге деген ынтасын арттырып қана қоймай, өзге халықтың дүниетанымын түсінуге де жетелейді. Өйткені тілді меңгеру – сөз жаттаумен шектелмейтін, сол халықтың тарихы мен мәдениетіне жақындай түсудің бір жолы.

Ханбок – тарихтан жеткен әсемдік

Корей мәдениетінің көзге бірден түсетін ерекшеліктерінің бірі – ұлттық киімі. Ханбок деп аталатын дәстүрлі киім өзінің үйлесімді пішінімен, әсем түстерімен және сәндік нақыштарымен ерекшеленеді. Оның үлгілері адамның жасына, әлеуметтік жағдайына және киілетін рәсімге қарай түрленіп отырған. Бүгінде ханбок ұлттық мерекелерде, үйлену тойларында, ресми қабылдаулар мен мәдени шараларда киіледі. Дәстүрлі киіммен бірге қолданылатын аяқ киімнің бір түрі – посон деп аталады. Корея орталығында ханбок үлгілерін көрсету оқушыларға ұлттық киімнің сыртқы әсемдігін ғана емес, оның астарындағы мәдени мәнді де түсінуге көмектеседі. Әсіресе мерекелік іс-шараларда дәстүрлі киім киіп, ұлттық би билеу – халық мәдениетін көрнекі әрі әсерлі таныстырудың бір тәсілі. Ұлттық киім – өткен дәуірдің сән үлгісі ғана емес, халықтың талғамын, дүниетанымын және тарихи жадын бейнелейтін мәдени мұра.

Әуен мен бидегі ұлттық өрнек

Корей халқының музыкасы мен би өнері де мәдени мұраның маңызды бөлігі саналады. Дәстүрлі өнерде табиғатпен үндестік, қимыл үйлесімі мен көркемдік мәнер ерекше орын алады. Ал заманауи музыка корей мәдениетінің әлемге кеңінен танылуына ықпал етіп отыр. Гимназиядағы мәдени шараларда корей билері мен әуендеріне орын берілуі оқушылардың өнерге қызығушылығын арттырады. Мәселен, «Дыхание ветра» және «Ин-Ян» сияқты би қойылымдары арқылы дәстүрлі мәдениет пен заманауи сахна өнерінің сабақтастығын көрсетуге болады. Әлем жастары арасында кең тараған корей музыкасы гимназия оқушыларының да назарын аударып келеді. Осы қызығушылықты мәдени-танымдық жұмыстармен ұштастыру арқылы оқушылар корей өнерінің сыртқы тартымдылығымен қатар, оның тарихи және рухани негіздерін де тани түседі. Осылайша, Корея орталығы жастардың заманауи қызығушылығын ұлттық мәдениетті тереңірек тануға бағыттайтын ортаға айналып отыр.

 Ұлттық тағам – мәдениеттің дәмі

Халықтың тұрмыс-тіршілігін, табиғатпен байланысын және дәстүрін оның асханасынан да тануға болады. Корей тағамдары алуан түрлілігімен, көкөністердің мол қолданылуымен және өзіндік әзірлеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Корея орталығында оқушылар, ата-аналар мен қала тұрғындары корей асханасының танымал тағамдары туралы мағлұмат ала алады. Олардың қатарында кимчхи, пибимпап, манду, тток, намуль, ким және чонголь сияқты тағамдар бар. Сонымен бірге панчхан деп аталатын негізгі асқа қосып ұсынылатын түрлі шағын тағамдар да корей дастарқанының ажырамас бөлігі саналады.

Кимчхи – ашытылған көкөністерден әзірленетін, корей асханасының кеңінен танылған тағамдарының бірі. Пибимпап күріш пен түрлі көкөністерді араластырып дайындауымен ерекшеленсе, манду корей тұшпарасына ұқсайды. Ал тток – күріштен әзірленетін дәстүрлі тағамдардың ортақ атауы. Қазақстандағы корей асханасының да өзіндік ерекшеліктері қалыптасқан. Соның бірі – көпшілікке кәрісше сәбіз деген атпен танылған тағам. Ол Кореяның дәстүрлі асханасынан тікелей алынған тағам емес, Орталық Азиядағы корей диаспорасы ортасында қалыптасып, кең тараған ас үлгісі. Бұл да халықтың жаңа ортаға бейімделе отырып, өзіндік аспаздық дәстүрін қалыптастырғанын көрсетеді. Ұлттық тағамдар көрмесі мен дәм таттыру шаралары мәдениетті танытудың әсерлі жолына айналады. Өйткені өзге халықтың асханасымен танысу арқылы оқушылар оның тұрмыс-тіршілігі мен дәстүріне жақындай түседі.

Бірлік бар жерде – береке бар

Корея орталығының тәрбиелік маңызы әсіресе 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған іс-шаралар барысында айқын көрінеді. Мұндай мерекелерде әр этностың мәдениетін таныстыру арқылы еліміздегі татулық пен қоғамдық келісімнің маңызы дәріптеледі. Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда ұйымдастырылатын мәдени бағдарламалар аясында корей халқының тарихы мен салт-дәстүрлері таныстырылып, ұлттық билер орындалып, әуезді әндер шырқалады. Корей үйінің көрінісі, мәдени жәдігерлер, фотостендтер мен ұлттық тағамдар көрмесі оқушылар мен қонақтардың назарын аударады. Мұндай шаралардың құндылығы – әр халықтың өзіндік ерекшелігін таныта отырып, баршаға ортақ құндылықтарды алға шығаруында. Әртүрлі мәдениеттің өзара үндестігін көрген оқушы өзгені құрметтеуді, өзгешелікті қабылдауды және ортақ мүддені бағалауды үйренеді. «Әр ұлттың ерекшелігі – еліміздің байлығы, ал бірлігіміз – ең үлкен құндылығымыз» деген ұстаным осындай тағылымды кездесулердің негізгі идеясын айқындайды.

 Танымға жол ашқан тағылымды орта

Қазіргі оқушы ақпаратты тек оқулықтан ғана емес, көрнекі материалдардан, мәдени іс-шаралардан және тәжірибелік жұмыстардан да қабылдайды. Осы орайда Корея орталығының мүмкіндігі мол. Мұнда балалар Кореяның тарихы мен мәдениетін зерделеп, ұлттық киім үлгілерін тамашалап, тағамдары туралы мәлімет алады, музыкасы мен би өнеріне қызығады. Сонымен қатар Қазақстандағы корей халқының тарихын танып, әртүрлі мәдениеттердің ортақ тұстарын іздейді. Осындай жұмыстар оқушылардың танымдық қабілетін дамытып қана қоймай, зерттеуге, салыстыруға, өз ойын жеткізуге және шығармашылықпен айналысуға ынталандырады. Ең бастысы, олардың бойында өзге ұлтқа құрметпен қарау, жауапкершілік, толеранттылық пен достық сияқты адамгершілік қасиеттер қалыптасады.

«Бүгінгі оқушы ақпаратты тек оқулықтан емес, түрлі мәдени, визуалды және интерактивті ортадан қабылдайды. Сондықтан Корея орталығының заманауи оқушының қызығушылығын оятатын орынға айналуы заңды құбылыс», – дейді Алмагүл Ғалымжанқызы.

Шынында да, Корея орталығы – бір халықтың мәдениетін таныстырумен шектелмейтін, жас ұрпақты ізденіске жетелейтін әрі халықтар арасындағы достықты нығайтатын маңызды білім беру кеңістігі. Мұнда әрбір жаңа мәлімет оқушының таным көкжиегін кеңейтіп, әрбір мәдени кездесу өзгені түсінуге бастайды.

blank blank blank blank blank

Өйткені өзге халықтың мәдениетін тану – әлемді танудың бір жолы. Ал өзара құрмет пен достыққа негізделген тәрбие – ел болашағының берік іргетасы.

     Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                  Арқалық қаласы