Жанашырлық дәстүрі

Жанашырлық дәстүрі

Қарасу ауданынан кейін Науырзымға жолымыз түсті. Сапар барысында аудан əкімі Мəди Ихтиляповпен кездесіп, өңірдің бүгінгі тынысы, ауылдардың дамуы жəне газетіміздің оқырманмен байланысы туралы əңгімелестік. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Өйткені Науырзыммен байланысымыздың тамыры тереңде жатыр.

Шолақсайдағы Өмірзақ Бегділдəұлы ағамызды көп жылдан бері білеміз. Ол кісі – «Қостанай таңының» жанашыры, басылымның жағдайына бейжай қарамайтын азамат.
Газет үшін оқырманның ықыласынан артық байлық жоқ.  Əсіресе, басылымның тағдыры таралымға тікелей тəуелді болатын тұста жанашырлардың көмегі айрықша сезіледі.

2022 жылы жазылу науқаны аяқталар тұста жағдайымыз қиындау еді. Мəди Өмірзақұлы «Шолақсай-1» шаруашылығының басшысы ретінде ұжымына жүз дана газет жаздыртып берген еді. Ол кезде Мəди Өмірзақұлы аудан əкімі емес, шаруашылықтың жетекшісі болатын.

Бүгінгі қызметіне дейін-ақ қазақ баспасөзін қолдап, мемлекеттік тілдегі басылымның таралымына үлес қосқанын атап өткен жөн. Бұны біз жай ғана жүз газетке жазылу деп түсінбедік, бұл дегеніңіз – ана тіліміздегі басылымға деген құрмет, ауыл еңбеккерлерінің өмірін елге танытып жүрген журналистерге көрсетілген қолдау.

Біз де газет бетінде шаруашылықтағы еңбек адамдарын, ауылдың тыныс-тіршілігін, елге үлгі болар азаматтарды жазып келеміз. Осындай байланыс үзілмесе, басылымның да, ауылдың да ұтары көп. Науырзымға барған сапарымызда ауданның бүгінгі тіршілігіне де назар аудардық. Ауданда əлеуметтік мəселелерді шешу, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

Соның бірі – баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған тұрғын үй жобалары. Биыл аудан орталығында жалпы аумағы 1 200 шаршы метр болатын екі қабатты, 18 пəтерлі үйді қайта жаңғырту қолға алынған. Жұмыс аяқталған соң нысан мемлекет меншігіне сатып алынып, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға беріледі.

Мұндай жобалар ауылда халық тұрақтап, елді мекеннің болашағына сеніммен қарауына сеп болады деп сенеміз. Əрине, ауылдың дамуы баспанамен ғана шектелмесі анық. Жұмыс орындары, жол, инфрақұрылым, абаттандыру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңіріміздің бірқатар ауданында тұрғын үй құрылысы мен елді мекендерді көркейтуге көңіл бөлініп отыр.

Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Сарыкөл аудандарында атқарылып жатқан жұмыстарды да осы ортақ міндеттің аясында қарастырған жөн. Үй салынуы – ауылда тіршілік барын, оның ертеңіне инвестиция жасалып жатқанын білдіретін маңызды көрсеткіштердің бірі.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы да ауылдардың келбетін өзгертуге ықпал етіп келеді. Елді мекендерді тазарту, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіру, айналаны абаттандыру жұмыстарының нəтижелі болуы жергілікті билікпен қатар тұрғындардың да жауапкершілігіне байланысты. Тазалықты бір күндік науқан деп емес, күнделікті мəдениеттің бір бөлігі деп қабылдағанда ғана оның нəтижесі баянды болады.

Науырзым ауданында осындай жақсы істерге куə болғанымызды айтпай кетуге болмас. Ауданға барғандағы мақсатымыз – атқарылып жатқан жұмыстарды сырттай бағалау емес, ел ішіндегі өзгерістерді көріп, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігін танып-білу. Ұстаздармен, еңбек ардагерлерімен, ауылдың қадірлі азаматтарымен арадағы байланысты нығайту да маңызды. Өйткені ауданның шынайы келбетін ресми есептен ғана емес, сол жерде өмір сүріп, еңбек етіп жүрген адамдардың əңгімесінен де танимыз.

«Қостанай таңы» үшін мұндай кездесулердің мəні ерекше. Газет – тек жаңалық тарататын құрал емес, өңірдің шежіресін жазып, ел мен елді, адам мен адамды жалғайтын рухани көпір. Бір кездері жүз газетке жаздырып, қолдау көрсеткен азаматтың бүгін аудан басшысы ретінде туған жерінің дамуына қызмет етіп отырғанын көру де көңілге жылылық ұялатады.

Бізді талай жылдан бері қолдап келе жатқан Өмірзақ Бегділдəұлы бастаған азаматтарға алғысымыз шексіз. Оқырман мен редакция арасындағы осындай сыйластықтың жалғаса бергенін қалаймыз. Себебі газетке қолдау көрсету – қазақ тіліндегі ақпараттың, ауыл өмірінің, ел тарихының сақталуына қосылған үлес.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,

«Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы

Науырзым ауданы