Қостанай ауданындағы «Лучики надежды» қоғамдық бірлестігі қоғамдық ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер арасындағы облыстық дәстүрлі байқаудың «Ең сәтті жоба» аталымында жеңіске жетті. Бірлестік жетекшісі Валентина Бутыринаға 200 мың теңгелік ақшалай сыйақының сертификаты табысталды.
Бірлестік ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың денсаулығын нығайтып, ой-өрісін дамытумен айналысады. Мұнда баланың әр күнін белсенді өткізуге басымдық берілген. Балалар ағаш жону, тігін тігуді меңгеріп, театр студиясында шеберлік сырына қанығып, робототехникамен танысады. Шығармашылық сабақтары мен шеберлік-сыныптарына қатысады. Іс-шаралардың басым бөлігі аудандық балалар шығармашылық үйімен бірлесе ұйымдастырылады.
«Ақыл-ой дамуында кемістігі бар балам бар. Ол 16 жасқа толғанда әрі қарай не істейді деп ойлана бастадым. Жергілікті әкімдікке барып, жан-жақты ізденуге кірістім. Маған «Бастау Бизнес» курсын оқып, білімімді жетілдіруді ұсынды. Курсты аяқтаған соң, жоба қорғап шықтым. Ұтып алған қаражатқа тиісті жабдықтар алып, қоғамдық бірлестік құрдым. Оны «Лучики надежды» деп атап, әр баланың жүрегіндегі үміт сәулесін сөндірмей, болашаққа деген сенімді оятқым келді. Ерекше балалар кез-келген қиындықты еңсере алады. Ата-аналары жақсылыққа сенуі тиіс», – деді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі.
«Үздік орындаушы» аталымында Арқалық қаласынан Сергей Кладов үшінші орын, Қостанай қаласынан Александр Дыль екінші орын, Федоров ауданының «Ладушки» фольклорлық ансамблі бірінші орынға ие болды.
Сонымен қатар «Үздік жасаушы» аталымының үздіктеріне де құрмет көрсетілді. Бұл аталымда рудныйлық Евгения Кутузова жеңіске жетті. Науырзым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының өкілі Жұмагүл Исмағұлова «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанды.

Қостанай қаласы мен Арқалық қаласының мамандары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, гүл шоқтары берілді. Барлық жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков марапаттады. Ол құттықтау сөзінде инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
«Қостанай облысында отыз мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Соның бес мыңға жуығы балалар. Бұл сандардың артында қаншама адам, тағдыр, отбасы және үміт тұр. Сондықтан жергілікті атқарушы орган аталған саланы қаржыландыру деңгейін жыл сайын арттыруда. Мемлекет кепілдік берген көмектің көлемі мен түрлері де біртіндеп көбеюде. Күні кеше облыс әкім мүгедектерге арналған спорт кешенінің құрылысын іске қосты»,– деді Ербол Тасжүреков.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай бірқатар сала мамандары облыс әкімінің Грамотасымен марапатталды.

Құрметке бөленген қызметкерлердің алды 20 жылдан астам еңбек өтілі бар жандар. Әлеуметтік сала ардагерлеріне гүл шоқтары сыйға тартылды.

Инклюзивті қоғам құру идеясын қолдап жүрген кәсіпкерлер де назардан тыс қалмады. «Қызмет» салалық кәсіподағы ҚБ облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Донбаева мейірімді жандарға жылы лебізін арнап, әлеуметтік әріптестерге сый-құрмет көрсетті.
«Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі – жай ғана мамандық емес. Үлкен жүректі, сабырды, жан жомарттығын, адамдарға адал ниетпен көмектесуге деген ықыласты талап ететін абыройлы міндет. Сіздер қамқорлыққа мұқтаж жандарға күн сайын мейрім шуағын төгесіздер. Адамның сенімін оятасыздар. Бүгінгі мереке кәсіби мамандарға деген зор құрметтің белгісі іспеттес», – деді ол.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Аялы алақан» облыстық форумы IQostanay смарт-орталығында өткен болатын. Іс-шара әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері мен ҚР мүгедектігі бар адамдар күніне арналды.

Мейірімді ұлықтайтын қос мерекенің бірі қазан айының екінші жексенбісіне, ал екіншісі соңғы жексенбісіне белгіленген.

Қайырымдылық адамзатқа ортақ асыл қасиет. Жақынымызға жанашыр болу, қарттарды құрметтеу, көмекке мұқтаж жандарға қамқор болу – парасаттылық.
Ерекше мейірімді қажет ететін жандарға қарайласу жүректің ісі. Облыс орталығында өткен «Аялы алақан» форумынан инклюзивті қоғамның басты құндылықтарын ұғынып қайттық.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
