Қостанайда 2021 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған облыстық балалар ауруханасына қатысты түйткілді мәселе оң шешімін тапты. Нысан толық күрделі жөндеуден өтеді.
Бұл туралы бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.
Аймақ басшысы бір жылдан астам уақытқа созылған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Ең бастысы – қаржы мәселесі шешілген.
Аурухананы жөндеуге қажет қаражат республикалық бюджеттен толық көлемде бөлінді.
«Бұл – өңіріміз үшін жағымды жаңалық. Қазіргі уақытта тиісті рәсімдер жүргізілді, жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін бастауға дайынбыз», — деді облыс әкімі.
обада ғимаратты күрделі жөндеумен қатар, іші заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықтау көзделген.
«Жобалық құжаттамада қажетті медициналық жабдықтардың барлығы қарастырылған», — деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, Қостанай облыстық балалар ауруханасының жабылуы соңғы жылдары тұрғындар арасында жиі сынға ұшыраған болатын. Ата-аналар балаларын басқа ауруханаларға апаруға мәжбүр еді.
Енді өңірдегі басты балаларды емдеу мекемесі қайта жанданбақ.
