Қостанай қаласының тұрғыны Жақсылық Жақыпбекқызы үшін баспасөз күні – мерекемен пара-пар. Сексен бір жастағы қария жыл сайын осы сәтті асыға күтеді. Облыстық «Қостанай таңы» газетіне жазылуды дәстүрге айналдырған. Биыл да сүйікті басылымынан қол үзген жоқ. Оның үстіне, биылғы жазылымның жөні бөлек. Өйткені газет бес оқырманына тегін жазылым сыйлады. Олардың қатарында Жақсылық Жақыпбекқызы да бар.
Қазақ поштасының Қостанай облыстық филиалы ұйымдастырған жиында кейуананың газетке деген ықыласына толы хатын қызы оқып берді. Онда оқырман басылымның өз өміріндегі орнын ерекше атап өткен.

«Бұл басылым мен үшін ыстық. Облыста қазақ тілінде шығатын жалғыз газет біздің буынның айнымас серігі болды. Өңірдің жаңалығын, елдің қуанышын алғаш осы жерден оқып білемін», – дейді Жақсылық Жақыпбекқызы.
Жасы ұлғайса да, жаңалықтан қол үзбеген қария үшін газет – ақпарат көзі ғана емес, рухани серік. Сүйікті басылымына жазылу оның жыл сайынғы игі дәстүріне айналған.
Жазылым науқанын қолдауға келгендердің қатарында өңірге танымал ақын, жазушы Абылай Мауданов та бар. Ол «Қостанай таңын» бала кезінен оқып келе жатқанын айтады. Газетке деген құрметтің отбасында қалыптасқанын да жеткізді.
«Бұл газетті ауылда көз ашқаннан оқып келеміз. Әкеміз байланысшы болып, осы салада еңбек етті. Ол кісі әлі күнге дейін таным мен ақпараттың қадір-қасиетін айтып отырады. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, газет халықтың көзі һәм құлағы болып қала береді», – дейді Абылай Мауданов.
Шынында да, баспасөздің қоғамдағы орны бөлек. Әсіресе, аймақ тынысын танытып, ел ішіндегі жаңалықтарды жеткізетін жергілікті басылымдардың маңызы зор. «Қостанай таңы» жылдар бойы оқырманымен бірге жасап келеді.

Газет өңірдің тыныс-тіршілігін жазып, елдің сөзін сөйлеп, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр.

Бұл пікірмен «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қостанай облыстық филиалы басшысының міндетін атқарып жүрген Қайрат Сағадиев те келіседі. Оның айтуынша, пошта саласы мен мерзімді басылымдардың байланысы бұрыннан берік.

Оқырманға газет жеткізу – ұжымның маңызды міндеттерінің бірі.

«Бүгін дүниежүзілік пошта мерекесінің аталып өтіп жатқанына 152 жыл. Біз үнемі газеттермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бүгінде облыстағы барлық басылым жазылым науқанына қатысып жатыр. Бұл бастама Дүниежүзілік пошта күніне орай ұйымдастырылды. Біздің мақсатымыз – оқырман мен басылым арасындағы байланысты нығайту, газет оқу дәстүрін жалғастыру», – дейді Қайрат Сағадиев.
Бұл – газетке деген құрметтің және тұрақты оқырманға көрсетілген ықыластың белгісі. Сыйлық иелерінің бірі болған Жақсылық Жақыпбекқызы үшін бұл қуанышты жаңалыққа айналды. Уақыт өзгерсе де, баспасөздің қадірін білетін оқырман барда газет ғұмыры жалғаса береді.
Ал оқырманның сенімі мен ықыласы – басылым үшін ең үлкен марапат.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Айжан Асқарбек
