Қостанай облыстық ауруханасының хирургтері өңір тарихында алғаш рет құрсақ қолқасының аневризмасы бар науқасқа стент-графт имплантациялау отасын сәтті орындады.
Диаметрі шамамен 6 сантиметрге жеткен аневризманы емдеу үшін заманауи, аз инвазивті әдіс қолданылды.
Ота науқастың денесіне үлкен тілік жасамай жүргізіліп, шамамен бір сағатқа созылды.
Науқас ауруханаға жедел панкреатит деген диагнозымен түскен. Алайда дәрігерлер тексеру барысында өмірге аса қауіпті басқа дертті – құрсақ қолқасының аневризмасын анықтаған.
Қолқа – адам ағзасындағы ең ірі қан тамыры. Оның белгілі бір бөлігінің қалыптан тыс кеңеюі аневризма деп аталады. Мұндай патология кезінде тамырдың жарылу қаупі туындайды. Ал бұл ауыр ішкі қан кетуге әкеліп, науқастың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

«Ағзадағы ең ірі қан тамырының патологиялық кеңеюі. Егер аневризма жарылса, жаппай ішкі қан кету болып, науқастың өміріне тікелей қауіп төнеді», – дейді облыстық аурухананың бас директорының орынбасары, интервенциялық хирург Сергей Мусаев.
Ота барысында дәрігерлер эндоваскулярлық әдісті қолданды. Яғни стент-графт деп аталатын арнайы құрылғы сан артериясы арқылы енгізіліп, қолқаның зақымданған бөлігіне жеткізілді. Қажетті орынға орналастырылған құрылғы қанның жаңа арнамен ағуына мүмкіндік беріп, аневризманы қан айналымынан оқшаулайды. Бұл әдістің басты ерекшелігі – дәстүрлі ашық операциядағыдай үлкен хирургиялық тілік жасалмайды. Соның арқасында хирургиялық жарақат азайып, науқастың қалпына келу үдерісі жеңілдеуі мүмкін.
Қостанай дәрігерлерінің бұл отаны өңірдегі жоғары технологиялы медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейте түсті. Енді қолқаның қауіпті ауруларын емдеудің заманауи тәсілдерінің бірі облыс орталығында қолжетімді бола бастады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
