Арқалықтағы «Жігер» стадионында ерлер мен әйелдер командалары арасындағы волейбол лигасының ойындары тартысты өтіп жатыр. Қала көлемінде қайта жанданған жарысқа Арқалық командаларымен қатар көршілес аудандардың спортшылары да қатысып, өзара мықтыны анықтамақ.
Жарыстың салтанатты ашылуында қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков пен бірқатар спорт ардагерлері қатысушыларға ақжарма тілектерін жеткізіп, сәттілік тіледі.

Спорттың қоғамдағы маңызына тоқталған ардагер спортшы Қаратай Нұрманов елде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Ол кезінде төрт дүркін облыс чемпионы атанып, республикалық жарыстарда жүлдегер болған.

«Қазір ел Президентінің спортқа деген оң ықпалының арқасында бұл салаға зор мән беріліп жатқанын көріп отырмыз. Қала мен аудандарымызда спорт кешендері көптеп салынып, халықтың игілігіне берілуде. Мұның бәрі еліміздің жарқын болашағының нақты көрінісі», – деді Қаратай Нұрманов.
Өткен ғасырдың 70–80-жылдары волейболдан жақсы нәтижелер көрсеткен ардагер спортшы Өсербай Раисов та кезінде өзі өнер көрсеткен алаңға келіп, жас буынға қолдау білдірді.

Ардагерлердің ақ батасы мен жылы лебізі жарысқа қатысушыларға ерекше серпін берді.

Лига ойындарына көршілес аудандардан келген спортшылар да белсенді қатысқанын айттық. Солардың бірі – Амангелді ауданы Ы. Алтынсарин мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Аслан Таңатқанұлы.

«Көршілес Амангелді ауданынан арнайы ат терлетіп келіп тұрмыз. Ойынның ұйымдастырылуы өте жақсы. Бұл – жастардың спортқа деген құлшынысын арттыратын сайыс. Алдағы уақытта мұндай ойындардың аудандарда да жалғасын табатынына аса қуаныштымыз», – дейді ол.
Арқалықта волейболдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің жаттықтырушысы Қанат Қонысбаев. Оның айтуынша, үш жыл бұрын тоқтап қалған жарыс жаңа форматта қайта жанданып, бүгінде ауқымды спорттық додаға айналып келеді.
«Үшінші турымыз желтоқсан айында өтеді. Жыл соңында жарысымызды жоғары деңгейде қорытындылап, үздіктерді лайықты түрде марапаттайтын боламыз. Жаттықтырушыларға да сый-құрметімізді көрсетеміз. Осылайша, үш жыл бұрын тоқтап қалған жарысты жаңа форматта жаңғыртып жатырмыз. Қазіргі таңда лига ойындарында 18 команда бақтарын сынауда. Алға қойған басты мақсатымыз – облыстың оңтүстік өңірлерінде волейбол спортын қарқынды дамыту», – дейді жарыстың бас төрешісі Қанат Болатұлы.
Айта кетейік, биыл Арқалық қаласының ерлер командасы өз алаңында өткен облыстық спартакиадада волейболдан топ жарып, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жетістік қалада волейбол спортының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Жаңа форматта жалғасын тапқан лига ойындары тәжірибе алмасуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және өңірдегі волейболдың дамуына жол ашпақ.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
